Солтүстікқазақстандық алты ұстаз «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауынан жүлделі оралды. Жеңімпаздарды теміржол вокзалында әріптестері, оқушылары және туған-туысқандары қарсы алды. Олардың қатарында Qazaqstan Media тілшісі де болды.
Байқаудан жүлделі оралған ұстаздардың бірі — Мәрзия Елембаева. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында тарих пәнінен сабақ беретін білікті ұстаз аталған сайысқа үш жыл дайындалған. Ол өңіріміздің тарихи тұлғаларын зерттеп, жобасына соны арқау еткен.
«5-7-ші сынып оқушыларының бағдарламасында «Өлкетану» тарауы бар. Ал 8-ші сыныпта жоқ. Сондықтан мен өз жобамда 8-ші сыныпқа арнап, «Солтүстік Қазақстан облысының тарихи тұлғалары» атты курс дайындадым. Мектеп бағдарламасында жоқ тарихи деректерді архив, музейлерді аралап жүріп жинадым. Тағы ғалымдардың еңбегін зерттедім. Мысалы, Смағұл Сәдуақасов, Евней Бөкетовтың біздің өңірден шыққанын балалар білмейді. Бұлай болмауы тиіс. Оқушылар өз өңірінің тарихи тұлғаларын танып, білуі керек деп есептеймін. Сондықтан бұл жобамның келешек ұрпақ үшін маңызы зор», — дейді Мәрзия Елембаева.
«Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауы биыл желтоқсанның 4 мен 6-сы аралығында Алматы қаласында өткен. Оған аудандық және облыстық кезеңдерден сүрінбей өткен 200-ге жуық қазақстандық педагог қатысты. Өңір намысын қорғаған тоғыз ұстаздың алтауы жүлдемен оралған.
«Өңірден аттанған ұстаздардың үшеуі — 1-ші, екеуі — 2-ші, біреуі — 3-ші орын алды. Тағы бір педагог грамотаға ие болды. Және қалған екі мұғалім сертификатпен оралды. Бұл бұрын-соңды болмаған нәтиже. Ұстаздарымыздың барлығының еңбегі еленді. Оларды осындай жетістікпен құттықтаймыз», — деді «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен жастарды анықтау және қолдау орталығының мамандары.
Тағы оқыңыз: Петропавлда тұрғын үйлерде улы газды анықтайтын датчиктер орнатылды