Солтүстік Қазақстанға іс сапармен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесті. Барлық медициналық мекеме басшылары қатысқан жиында саланың жағдайы мен дамуы айтылды. Сонымен қатар, МӘМС жүйесі туралы да сөз қозғалды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Жиында өзекті деген мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, өңірдегі кейбір аудандарда бала тууға қарағанда өлім-жітім көрсеткіші көп тіркелген. Олардың қатарында Аққайың, Есіл, М. Жұмабаев аудандары бар. Қатерлі ісікті ерте анықтауда Солтүстік Қазақстан республикалық көрсеткіштен көш алда. Ел бойынша орташа 100 мың тұрғынға 30,3 факті болса, облыста 39 факті. Соңғы он айда өңір дәрігерлері 36 науқастан онкологиялық ауруды бірінші сатысында-ақ анықтаған.
«Облыста онкологиялық ауруды ерте анықтауда тағы бірқатар шараларды қолға алған жөн. Ол алдымен жылжымалы маммографтарды жаңарту. Аудандардағы онколог дәріглердердің тапшылығын жою. Бұл жерде мәселені облыстық әкімдіктің қолдауымен шешу керек деп ойлаймын.
Сонымен қатар, ауылдық жерлерде медициналық мекемелерді жаңарту қажет. Өңірде барлығы 437 медициналық, фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Ел бойынша ауылдық емдеу мекемелерінің ескіруі 67 пайыз болса, СҚО-да ол 81,6 пайызды құрайды», — деді жиында баяндама оқыған ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев.
Сондай-ақ медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов облыстағы МӘМС жүйесі туралы айтты. Оның мәліметінше, қорға дәрігерлердің қызметіне шағымданатындар саны азайған.
«Қазір біз медицина ұйымдарына бөлінген қаржының 83 пайызын төледік. Жыл соңына дейін қалғанын өткізетін боламыз. Алдағы уақытта қаражатты толықтай, бөлмей төлеу мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Облыста денсаулық сақтау басқармасымен қор филиалы тығыз байланыста қызмет жасап отыр. Олар барлық түйіткілді мәселелерді біліп отыр. Оны шешу жолдары да бар. Ең бастысы пациенттерден түсетін шағымдар аз. Ол пациенттердің медицина қызметіне көңілдері толатындығын көрсетеді», — дейді Әбілқайыр Сқақов.
Өңірге келген Тамара Дүйсенова Қызылжар ауданы Пресновка ауылында салынған медициналық мекемеге де соқты. Сапар қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары дәрігерлерге бірқатар тапсырмалар берді. Оның негізгісі – медициналық қызметті сауатты жүзеге асыру, мемлекет бөлетін қаражатты үнемді пайдалану және жоспралы түрде емдеуге алынатын пациенттерді өзімізде емдеу. Яғни, оларды өзге облыс не қалаға жібермей, облыс аумағында емдеп шығаруға тырысу.
Тағы оқыңыз: Тайыншалықтардың 71% таза ауыз сумен қамтылған