Петропавлда коммуналдық компания қызметкерлері жаяу жүргіншілер жүретін жолдарды қар мен мұздан жаңа әдісті пайдаланып тазартқан. Алайда ол тұрғындардың көңілінен шықпады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Бүгіндері Петропавлдағы жаяу жүргіншілер жолымен жүру тіптен мүмкін емес. Әбден мұз боп қалған тротурарларда құлап, жарақат алғандар қаншама. Сондықтан коммуналдық қызметтер жаңа әдісті қолданып көрген. Олар қатқан қарды әрбір жерден тесіп, ойып-ойып тастаған. Алайда, «артық қыламын деп, тыртық қылған» коммуналдық қызметтердің бұл жұмысы петропавлдықтардың көңілінен шықпады. Олар мұндай жолмен жүру ыңғайсыз деп отыр.
«Қаламыздағы кейбір көшелерде осындай жағдайды байқадым. Тротуарларда мынадай «ойық», «шұңқырлар» пайда болған. Бұл не үшін керек? Жүру тіптен мүмкін емес. Ыңғайсыз. Бір ғана көшеде ме десем, басқаларында да осындай жағдай», — деп жазды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қалалық мәслихат депутаты Сәлімхан Сәбитов.
Оны басқа желі қолданушылары да қолдап, жазбаның астына пікір қалдырған.
Редакция осыған байланысты Петропавл қалалық әкімдігінен мәселені түсіндіріп беруді сұрады. Ондағылар бұл коммуналдық қызмет көрсететін мекеменің мұзды тазартудағы әдісі деп түсіндірген.
«Жаяу жүргіншілердің тротуарларда, қала көшелерінде жүріп-тұру қауіпсіздігін жақсарту мақсатында «Коммунхоз» ЖШС мердігерлік ұйымы мұзды механикаландырылған түрде алып тастау бойынша жұмыстар жүргізді. Халық тарапынан шағымдарға байланысты жұмыстар тоқтатылды. Аталмыш орындарда, тротуарларға құм-тұз қоспасы себілетін болады», — деп жауап берді қалалық әкімдіктегілер.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қаңғыбас иттер адамдарға шабуылдап жатыр