«Дауыс» байқаушылар коалициясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мүшелері сайлау алдында арнайы дайындықтан өткен. Оқыту семинарларында оларға сайлау заңнамасының талаптары, құқықтары мен міндеттері түсіндірілген.
«Әр сайлау учаскесінде екі байқаушыдан жұмыс істеп жатыр. Оқыту барысында учаскенің ашылуынан бастап дауыс беру, бюллетеньдерді санау және қорытынды хаттамаларды рәсімдеуге дейінгі барлық кезең қамтылды. Сонымен қатар заң бұзушылықтар анықталған жағдайда қандай әрекет жасау керектігі түсіндірілді», – деді Гүлнара Қалиева.
Байқаушылар сайлау комиссиясының жұмысына араласпай, бейтараптық сақтауға міндетті. Олар дауыс беру тәртібін, сайлаушылардың құқықтары мен дауыс беру құпиясының сақталуын қадағалайды.
Өңірдегі байқаушылармен тұрақты байланыс орнатылған. Заң бұзушылық анықталған жағдайда тиісті акт толтырылып, үйлестірушілерге дереу хабарланады.
«Біздің негізгі мақсатымыз – сайлау процесінің заң аясында, ашық әрі әділ өтуіне қоғамдық бақылау жасау. Әрбір азаматтың дауысы маңызды және оның таңдауы дұрыс есепке алынуы тиіс», – деді коалиция өкілі.
Байқаушылар дауыс беру аяқталғаннан кейін де жұмысын жалғастырады. Олар дауыстарды санауға, сайлау қорытындысын шығару және хаттамаларды рәсімдеу рәсімдеріне қатысып, олардың заң талаптарына сай жүргізілуін қадағалайды.
Тағы оқыңыз: Түркиялық компания СҚО-да ет өңдеу кәсіпорындарын ашуы мүмкін

