Бүгін әсіресе Пресновка ауылында қарбалас. Мұнда тұрғындар дауыс беріп қана қоймай, үйге қажетті азық-түліктерін де сатып ала алады. Жәрмеңкеде ет пен сүт өнімдері саудалануда. Ауыл тұрғындары демалыс күнін тиімді пайдаланып, саяси науқанға қатысумен қатар, күнделікті шаруаларын да тындырып жатыр.
Ал Жаңажол ауылында қарашаның соңғы жексенбісіне ерекше сән беруді ұйғарған. Көшеде әсем әуен ойнап тұрса, мәдениет үйінде тұрғындарға арнап дастархан жайылып, түрлі дәм ұсынылуда.
Бүгін сайлау учаскелеріне еңбек ұжымдары да бірге келіп жатыр. Мәселен, Қожаберген жырау атындағы жалпы білім беретін мектептің мұғалімдері мен қызметкерлері алғашқылардың қатарында дауыс берді.

Жамбыл ауданының құрметті азаматтары Жұмақайыр Дүйсенбин мен Нина Бородавко да сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасады. Олардың айтуынша, сайлауға қатысу – өздері тұрып, еңбек етіп жүрген туған өлкенің дамуына үлес қосудың бір жолы.
Шекаралас ауданда жексенбі күні қызмет атқарып жүрген азаматтар да назардан тыс қалмады. Еліміздің мемлекеттік шекарасын күзетіп жүрген шекара қызметінің әскери қызметшілеріне де дауыс беру мүмкіндігі жасалды.
Жамбыл ауданында сайлау күні ән шырқалып, дастархан жайылып, жәрмеңке өтуде

Жамбыл ауданында бүгінгі жексенбі түрлі буын мен мамандық иелерінің басын қосты. Бірі сайлау учаскесіне бет алса, енді бірі жәрмеңкеде сауда жасап, ауылдастарымен кездесіп, жаңалықтарымен бөлісуде. Ауылдардағы күнделікті тіршілік мерекелік көңіл күймен ұштасып жатыр.

