Солтүстік Қазақстан облысының әкімі мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс берді. Ол саяси науқанды елдің билік жүйесін қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі деп санайды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Өңір басшысы мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады. Оның сөзінше, биыл еліміздің саяси өмірінде бірқатар маңызды өзгеріс болды. Жаңа Конституцияның қабылдануы, сайланған Құрылтайдың жұмысқа кірісуі және Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы елдің саяси жаңғыруындағы жаңа кезеңге жол ашты. Ал мәслихат депутаттарының сайлауы жергілікті деңгейдегі өкілді билік жүйесін қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі.

Облыс бойынша дауыс беру 543 сайлау учаскесінде ұйымдастырылған. Өңір тұрғындары 15 мәслихатқа барлығы 193 депутатты сайлайды. Оның ішінде облыстық мәслихатқа – 30, Петропавл қалалық мәслихатына – 18, аудандық мәслихаттарға 145 депутат сайлануы тиіс.

«Мәслихат депутаттары жергілікті тұрғындардың мүддесін білдіріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді шешуге атсалысады. Атап айтқанда, жергілікті бюджеттер мен даму бағдарламаларын бекітуге, инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік сала мен елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қатысты маңызды бастамаларды қарауға қатысады», — деді СҚО әкімі.

Сайлау науқанының маңызы зор. Өйткені тұрғындар өз дауысы арқылы алдағы уақытта елді мекендердің дамуына қатысты шешімдер қабылдайтын өкілдерін таңдайды. Облыс әкімі сайланған депутаттар халықтың сенімін ақтап, өңірдің өркендеуіне бағытталған нақты істерімен көзге түседі деген сенім білдірді. Сондай-ақ сайлау учаскелеріне келіп, азаматтық таңдауын жасаған жерлестеріне алғыс айтты.

Тағы оқыңыз: Кішкенекөлде ақ жаулықты әжелер елдің амандығын тілеп, дауыс берді

Поделиться:

Shares