Адал еңбек пен табанды тірліктің арқасында ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Солардың бірі – Уәлиханов ауданындағы «Юнайт Инвест» серіктестігінің директоры Кенжебай Қашаев. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арналған салтанатты шарада оған Мемлекет басшысының атынан III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені табысталды. Жалпы, жиында 70-тен астам сала өкілі түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Кенжебай Қашаев басшылық ететін шаруашылықтың құрылғанына 20 жылға жуықтаған. Осы уақыт ішінде серіктестік егін және мал шаруашылығын қатар дамытып, өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға өзіндік үлес қосып келеді. Биыл шаруашылық 4 мың гектар алқапқа дән сеуіп, әр гектардан орта есеппен 15 центнерден өнім жинаған. Бұл – маңдай тер мен тынымсыз еңбектің нәтижесі.

Кенжебай Әбілқажыұлы үшін ауыл шаруашылығы – жай ғана кәсіп емес, өмірлік таңдауы. Оның айтуынша, әртүрлі салада еңбек етіп көргеннен кейін өзінің нағыз орнын туған жердің төсінен, дала жұмысынан тапқан.

«Ауыл шаруашылығына келмей тұрып, бірнеше салада еңбек еттім. Жұмысым алға баспады. Егін және мал шаруашылығымен айналысқалы даланың адамы екенімді түсіндім», – дейді марапат иесі.

Бүгінде шаруашылықта 60-тан астам адам тұрақты еңбек етеді. Кәсіпорын Жасұлан ауылында орналасқан. Кенжебай Қашаев өндірісті дамытумен қатар, ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласады. Елді мекенде өтетін түрлі іс-шараларға қолдау көрсетіп, ауылдастарының игі бастамаларына әрдайым демеу болып келеді.

III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені – оның ауыл шаруашылығына арнаған көп жылғы еңбегіне берілген лайықты баға. Бұл марапат – бір азаматтың ғана емес, ел ырысын еселеп жүрген барша ауыл еңбеккерлерінің еңбегіне көрсетілген құрмет.

Тағы оқыңыз: СҚО-да ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күні аталып өтті

Поделиться:

Shares