Қоқысты сұрыптау, судың сапасын бақылау, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу. Петропавлда жастар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тың идеяларын ортаға салды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Қала колледждерінің студенттері «ЭкоХакатон: таза қалаға арналған шешімдер» байқауында бақ сынады. Олар экологиялық мәселелерді шешуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланды. Зияткерлік сайысқа төрт команда қатысты. Әрқайсысында бес студенттен бар.

Жастарға қоршаған ортаны қорғауға қатысты нақты міндеттер қойылды. Енді олар теориялық білімдерін технологияның көмегімен тәжірибеде қолдануы керек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат жас буынның бастамашылдығын арттырып, қоғамға пайдалы жобалардың дүниеге келуіне жол ашады.

«Шараға қаладағы колледждердің студенттерін шақырдық. Қазір жастарды түрлі отырыстар мен баяндамалар қызықтырмайды. Біз пікірталас пен сайыс өткізу арқылы ұл-қыздардың экологияға деген қызығушылығын арттырғымыз келеді. Сондай-ақ, талантты студенттерді анықтап, қабілеттерін одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз. Ұсынылған тиімді жобаларды болашақта пайдаға жаратуымыз мүмкін», — деді облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Анастасия Волкова.

Байқауға қатысушылар судың сапасын жақсарту, қалдықтарды қайта өңдеу және қажетсіз заттарды тиімді пайдалану бағытында жобалар әзірледі. Бұл ретте жасанды интеллект негізгі көмекші құралға айналды. Студенттер арнайы бағдарламалар арқылы өз идеяларын жүйелеп, нақты шешімдер ұсынды. Әр команда жұмысының тиімділігін қазылар алқасына дәлелдеуге тырысты.

Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар жастардың технологиялық сауатын арттырып қана қоймай, экологиялық жауапкершілігін де қалыптастыратынын айтады. Сайыс нәтижесінде үздік команда анықталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында 700-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылған.

Тағы оқыңыз: Ауыл тұрғыны үш қабан атып, полициядан қашқан

Поделиться:

Shares