Қазақстан алдағы жылдары халықаралық спорт додаларын өткізетін алаңға айналмақ. 2027 жылы елімізде бокстан, дзюдодан, үстел теннисінен, таеквондодан және шорт-тректен ересек және жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттары ұйымдастырылады. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Министрдің айтуынша, Қазақстан халықаралық спорт қауымдастығындағы беделін нығайтып, ірі жарыстарды өткізуге қабілетті ел ретінде танылып келеді. Мәселен, биыл елімізде бірнеше айтулы спорттық шаралар ұйымдастырылды. Олардың қатарында стенд атудан және боччадан Әлем кубогының кезеңдері, семсерлесуден халықаралық турнирлер, дзюдодан Grand Slam жарысы мен «Болашақ ойындары» бар. Сондай-ақ World Aquatics қолдауымен жүзуден Әлем кубогының финалдық кезеңі өтті.

Бұдан бөлек, Қазақстанда күрестен әлем чемпионаты мен Біріккен күрес әлемінің конгресі ұйымдастырылды. Алдағы аптада Орталық Азияда алғаш рет Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің ірі конгресі өтеді.

«2027 жылы елімізде бокстан, дзюдодан, үстел теннисінен, таеквондодан және шорт-тректен ересектен мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Бұдан бөлек, сәуір айында Астанада УЕФА-ның 51-ші конгресі алғаш рет ұйымдастырылады. Оған Еуропаның 55 ұлттық футбол қауымдастығының өкілдері, УЕФА басшылығы және халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері қатысады», – деді Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын Алматыда өткізу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар Қазақстанның халықаралық спорт кеңістігіндегі әлеуетін арттырып, елдің ірі жарыстарды қабылдайтын орталық ретіндегі мәртебесін нығайта түспек.

Тағы оқыңыз: Ауылға барған екі жас медицина маманына 1,5 млн теңге көтермеақы төленді

Поделиться:

Shares