Кола, энергетикалық сусын мен ащы кеспеден кейін ер адамның іші қатты ауырып, ауруханаға түседі.  Жағдайы күрт нашарлаған науқасқа шұғыл ота жасалып, кейін өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Дәрігерлер оның өмірі үшін 12 күн бойы күресті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Ер адамды жедел жәрдем бригадасы көпбейінді қалалық ауруханасына жеткізеді. Науқас дәрігерлерге ішінің қатты ауыратынын айтып жүгінген. Тексеру барысында оған жедел панкреатит диагнозы қойылды.

Ер адамның айтуынша, бұған дейін де ұйқыбезінің қабынуына байланысты ұстамалар болған. Алайда мұндай қатты ауырсынуды алғаш рет сезінген. Ауруханаға түсерден бір күн бұрын ол диетасын бұзып, кола мен энергетикалық сусын ішіп, ащы кеспе жеген. Сол түні ішінің қатты ауырғаны сонша, ұйықтай алмаған. Шыдай алмай, жедел жәрдем шақырыпты.

Науқас аурухананың хирургия бөліміне жатқызылды. Алайда көп ұзамай жағдайы күрт нашарлап, дәрігерлер шұғыл операция жасауға мәжбүр болды. Отадан кейін ер адам жансақтау бөліміне ауыстырылды. Кейін тыныс алуында күрделі мәселелер туындап, оны өкпені жасанды желдету аппаратына қосуға тура келді.

Науқас 12 күн бойы жансақтау бөлімінде жатты. Осы уақыт ішінде дәрігерлер мен медицина қызметкерлері оның өмірін сақтап қалу және жағдайын тұрақтандыру үшін күресті.

Ер адамның сөзінше, алғашқы күндері айналасында не болып жатқанын толық түсінбеген. Бәрі тұман ішіндегідей көрінген. Тек біртіндеп есін жиып, денсаулығы жақсара бастаған. Жалпы 20 күнге созылған емнен кейін науқастың жағдайы тұрақталып, ол ауруханадан үйіне шығарылды.

Емдеу мекемесінен кетер алдында ер адам өмірін сақтап қалған дәрігерлер мен жансақтау бөлімінің қызметкерлеріне жеке алғыс білдірді.

Тағы оқыңыз: Күйеуінен сиырды сатқанын жасырмақ болған әйел айыппұл арқалады

Поделиться:

Shares