Қазақстанда әлеуметтік желілер мен БАҚ-та балағат сөз қолданғаны және онлайн-платформаларда жала жапқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Министрдің айтуынша, әлеуметтік желілерде жалған немесе адамның беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер қысқа уақыт ішінде көпшілікке таралуы мүмкін.

«Бүгінде ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтер мен жала жабу платформалар арқылы кең аудиторияға таралуы мүмкін. Осыған байланысты заң жобасында теріске шығаруды ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтер таратылған сол ақпарат көзінде, оның ішінде әлеуметтік желілерде де орналастыру көзделеді», – деді Арман Қырықбаев.

Заң жобасында масс-медиа мен онлайн-платформаларда балағат сөздер қолданғаны, жала жапқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылып отыр.

Адамдардың фото және видеосын пайдалануға қатысты талаптар өзгереді

Заң жобасында адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға қатысты нормаларды нақтылау да қарастырылған. Атап айтқанда, ашық дереккөздерде жарияланған адамның фото және видеосын оның келісімінсіз пайдалануға, егер сол адам оларды одан әрі пайдалануға тыйым салмаған жағдайда ғана жол беріледі.

Сонымен қатар адамның жеке және отбасылық өміріне қатысты мәліметтер мен бейнелер оның қызметтік ісіне жатпайтыны заңнамалық деңгейде бекітілмек.

Мемлекеттік органдардың жауаптарына арнайы белгі қойылуы мүмкін

Тағы бір жаңашылдық мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын жариялауға қатысты. Министрлік мемлекеттік органның ұстанымы мен журналист дайындаған материалды нақты ажыратуды ұсынып отыр.

«Ақпарат кеңінен таралып жатқан қазіргі жағдайда мемлекеттік органның ресми ұстанымы мен журналистік материалдың мазмұнын нақты ажыратудың маңызы арта түсуде. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың жауаптарын БАҚ-та жариялау кезінде арнайы белгі қою ұсынылады», – деді министр.

Құжаттар Құрылтайда бірінші оқылымда қаралды. Әзірге бұл талаптар заңнамалық ұсыныс ретінде талқыланып жатыр.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда терроризм туралы жалған хабар таратқан 23 адам жауапқа тартылды

Поделиться:

Shares