СҚО перинаталдық орталықтың жас дәрігерлеріне бес миллион теңге қаржылай қолдау көрсетілді
Маман тапшылығы медицина сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе ана мен бала денсаулығына жауапты перинаталдық қызметте білікті кадрлардың орны ерекше. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Солтүстік Қазақстан облысында жас дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Жақында облыстық перинаталдық орталыққа жеті маман жұмысқа қабылданды. Олардың әрқайсысына бес миллион теңгеден қаржылай көмек табысталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл қаражат облыстық көпбейінді аурухананың өз қаражаты есебінен бөлінген. Бұдан бөлек, жас мамандар жергілікті бюджеттен 3,5 миллион теңге көлемінде көтермеақы алады. Қолдаудың басты шарты – дәрігерлердің осы медициналық мекемеде кемінде бес жыл еңбек етуі. Сонымен қатар олардың кәсіби ортаға бейімделуіне тәжірибелі әріптестері көмектеседі.
СҚО перинаталдық орталықтың жас дәрігерлеріне бес миллион теңге қаржылай қолдау көрсетілді
«Біз жас мамандардың жаңа ортаға бейімделуіне де көңіл бөлеміз. Оларға тәжірибелі дәрігерлер тәлімгерлік етеді. Басты мақсатымыз – мамандарды жұмысқа тарту ғана емес, олардың өңірде тұрақтап, сапалы медициналық көмек көрсетуіне жағдай жасау. Ал бес миллион теңге көлемінде қолдау алған дәрігерлер ауруханада бес жыл еңбек етуге міндеттеледі», — деді СҚО көпбейінді аурухананың бас директоры Нұрлан Айманов.
Жеті дәрігердің бесеуі акушерлік және гинекология саласында еңбек етеді. Қатарда анестезиолог пен неонатолог та бар. Жас мамандардың екеуіне қызметтік баспана берілген. Қалғандарының тұрғын үй мәселесін алдағы уақытта шешу көзделіп отыр.
Бұл қолдауды өңірде еңбек жолын бастаған дәрігерлердің бірі Индира Қошанова да алды. Ол – Қызылорда облысының тумасы. Алматыда жоғары білім алған жас маман еңбек жолын Солтүстік Қазақстанда жалғастыруды таңдаған. Петропавлдың табиғаты да оның бұл шешіміне әсер еткен. Қазір акушер-гинеколог күн сайын болашақ аналар мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығына жауапты қызмет атқарып жүр.
«Алғаш рет материалдық қолдау көрсетіліп отыр. Бұған қуаныштымын. Күн сайын таңертең аналар мен сәбилердің жағдайын тексереміз. Қажетті көмектің бәрін көрсетеміз. Бас дәрігермен де үнемі ақылдасып отырамыз», — деді ол.
36 жылға жуық тарихы бар облыстық перинаталдық орталықта жылына шамамен үш мың сәби дүниеге келеді. Биыл мұнда мерзімінен бұрын туған 112 нәрестеге, салмағы небәрі бір келі болғанына қарамастан, қажетті медициналық көмек көрсетілді. Қазір мекемеде 400-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Жеті жас маманның қатарға қосылуы нәтижесінде кадр тапшылығы мәселесі шешілген.