Яндекс Карты және Яндекс Go қолданбасындағы «Көлік» сервисінде Петропавл автобустарының нақты уақыттағы орналасқан жері көрсетіле бастады. Енді жолаушылар өзіне қажет автобустың қай жерде келе жатқанын және аялдамаға қанша минуттан кейін жететінін көре алады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Жаңарту қаладағы 20 бағытты, яғни автобус маршруттары желісінің шамамен 90 пайызын қамтиды. Жоба Петропавл қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Мәселен, теміржол вокзалы немесе «Dostyq Mall» сауда орталығы маңындағы аялдамаға қажетті автобустың қашан келетінін алдын ала білуге болады. Қоғамдық көліктердің координаттары көлікте орнатылған GPS құрылғылары арқылы алынып, картада үнемі жаңартылып отырады. Ал автобустың келу уақытын есептегенде сервис оның қозғалыс жылдамдығы мен қаладағы жол жағдайын ескереді.

Автобустардың орналасқан жерін Яндекс Карты қолданбасындағы «Көлік» режимінен немесе Яндекс Go қолданбасының басты бетіндегі «Көлік» сервисінен көруге болады. Қажетті автобусты табу үшін іздеу жолағына оның нөмірін енгізу жеткілікті. Мысалы, «9-автобус» деп жазсаңыз, сервис оның жүру бағытын және дәл қазір желіде жүрген автобустарды көрсетеді. Ал белгілі бір аялдама арқылы қандай автобустар өтетінін және олардың қанша минуттан кейін келетінін білу үшін картадағы сол аялдаманың белгішесін басу қажет.

Тағы оқыңыз: Мектептерде екінші сыныптан бастап диктант пен шығарма жазу қайта енгізіледі

Поделиться:

Shares