Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері әкімшілік құқықбұзушылық жасаған 692 адамға қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды. Оның 576-сы белгіленген міндетті толық орындап шыққан. Қалғандары әлі де қала көшелері мен аулаларын тазалап жүр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавлда қоғамдық жұмысқа тартылғандардың қатарында мас күйінде жанжал шығарған және отбасында дау туғызып, жақындарын балағаттаған азаматтар бар. Олар бүгінде коммуналдық аумақтарды тазалап, абаттандыру жұмыстарына көмектесіп жүр. Мердігер ұйым әрқайсысына күн сайын төрт сағат ішінде атқарылуы тиіс жұмыс көлемін белгілейді. Ал белгіленген уақытта жұмысқа келмегендер қайтадан әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Қоғамдық жұмыс – әкімшілік құқық бұзушылық жасаған азаматтарға сот шешімімен тағайындалатын жаза түрлерінің бірі. Бұл ретте құқық бұзушылар айыппұл төлеудің орнына қоғамдық пайдалы еңбекпен айналысады.
«Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында әкімшілік құқықбұзушылықтың 692 дерегі бойынша қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды. Оның ішінде 576 адам жазасын толық өтеп шықты. Қалғандары қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін белгіленген міндеттерін әлі де орындап жүр, – дейді СҚО ПД профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Александр Розбах.
Әкімшілік соттар қоғамдық жұмысқа тарту жазасын көбіне қоғамдық орындарды ластағаны үшін тағайындайды. Жыл басынан бері мұндай 240 дерек тіркелген. Сонымен қатар қоғамдық орындарға бірнеше рет мас күйінде келудің 168, ұсақ бұзақылықтың 164 және отбасылық жанжалдардың 118 дерегі анықталған.
Қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтар арнайы қызғылт сары түсті кеудеше киіп, қала көшелері мен аулаларын тазалайды. Мұндағы мақсат – құқық бұзушыларға өз әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіндіру, қоғамдық тәртіпті сақтауға және заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу.
Тағы оқыңыз: 15 жастағы солтүстікқазақстандық спортшы – гір спортынан абсолютті әлем чемпионы

