Биыл облыста 40-қа жуық білім саласының өкілі алаяқтардың құрбаны болған
Интернеттегі алаяқтықтың алдын алу және азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру. Петропавлда педагогтерге арналған кездесу өтті. Жиында қулардың жаңа айла-тәсілдері мен одан қорғану жолдары сөз болды.. Бұл туралы Qazaqstan Media тілшісі хабарлайды.
Өңірде жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 443 фактісі тіркелген. Жәбірленушілердің арасында білім беру саласының 35 қызметкері бар. Кездесуді қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Оған қала мектептерінің педагогтері қатысты. Мамандар ұстаздарға интернеттегі қауіп-қатерлер туралы айтып, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларды ажырату жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар киберқауіпсіздікке қатысты ақпараттық жаднамалар таратылды.
«Шараға қаладағы барлық мектептің педагогтерін шақырдық. Ұстаздарға алаяқтардың жаңа схемалары жайлы айтамыз. Одан қорғану тәсілдерін үйретеміз. Сонымен қатар киберқауіпсіздікке қатысты ақпараттық жадынамалар таратамыз. Жыл басынан интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған 50-ден астам шара өткіздік», — деді қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Әбдин.
Өңірде интернет-алаяқтық деректері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,9 пайызға азайған. Алайда келтірілген материалдық шығын көлемі керісінше артты. Биыл тұрғындар бір миллиард 188 миллион теңгесінен айырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 миллион теңгеге көп. Мамандардың айтуынша, алаяқтар азаматтарды алдаудың күрделі тәсілдерін қолданып, бір жәбірленушіден барынша көп қаражат алуға тырысады.
Биыл облыста 40-қа жуық білім саласының өкілі алаяқтардың құрбаны болған
«Қазір қоғамда алдын алу шаралары көбейді. Мұны алаяқтар жақсы біледі. Сондықтан тұрғындарды ірі көлемде шығынға батыруды көздейді. Күрделі тәсілдерді қолданады. Бір қуаныштысы, бүгінде адамдардың жан-жақты сауаттылығы артқан. Бізге күн сайын орта есеппен үш адам хабарласып, өзіне алаяқтың хабарласқанын айтады», — деді СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Милена Балацкая.
Қазіргі уақытта қылмыскерлер тұрғындарға коммуналдық қызмет немесе медициналық мекеме маманы ретінде қоңырау шалады. Есептегіш құралдың жарамдылық мерзімін ұзарту, медициналық тексеруден өту қажеттігін айтып, SMS арқылы келген төрт таңбалы кодты сұрайды. Ал оны берген азамат кейін өзін электрондық үкімет қызметкері ретінде таныстырған алаяқтардың арбауына түсуі мүмкін. Осылайша, жәбірленушілерді жалған ақпаратпен қорқытып, ақшасын иемденеді.
Айта кетейік, тәртіп сақшыларының тергеу жұмыстары нәтижесінде алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 177 миллион теңге қайтарылған. Құқық қорғау органдары мен жастар ресурстық орталығының мамандары интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жалғастырмақ.