Петропавлда алғашқы қар жауып, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қала көшелерін қардан тазарту және жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары таңертеңнен басталды. Қысқы маусымға дайындық барысын Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов тексерді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Облыс әкімінің орынбасары көшелерді аралап, коммуналдық қызметтердің жұмысымен танысты. Негізгі назар жол қозғалысына кедергі келтірмеуге, қарды уақтылы тазалауға және көктайғақтың алдын алуға аударылды. Бұл күні қала көшелерін қардан тазалауға 80-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған. Оның қатарында МТЗ тракторларының негізіндегі щеткалар мен КДМ машиналары бар. Бұған қоса, коммуналдық қызметтердің 40 қызметкері тазалық жұмыстарына тартылған.

Жолдардың мұзға айналуына жол бермеу үшін мамандар таңертеңнен бастап көшелерге көктайғаққа қарсы материалдар сепкен. Одан кейін жолдың жүріс бөлігі арнайы щеткалармен тазартылды. Бұл жұмыстар көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қардың жиналып қалуына жол бермеу үшін жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда қар механикалық түрде тазаланып жатыр. Яғни, сыртқа шығарылмайды.

«Қысқы кезеңде қар тазалау жұмыстарына күн сайын тоғыз мердігер ұйым шығады. Олар 120-дан 170-ке дейін арнайы техниканы жұмылдырмақ. Сонымен қатар, 500-ге жуық коммуналдық қызметкер бар. Қажет болған жағдайда олардың барлығы дерлік қар тазалау жұмыстарына тартылуы мүмкін», — деп хабарлады Петропавл қалалық әкімдігі.

Синоптиктердің мәліметінше, түнде Петропавлда 3,3 миллиметр қар жауған. Бұл онкүндік жауын-шашын нормасының 41 пайызынан астамын құрайды. Онкүндік норма – сегіз миллиметр. Коммуналдық қызметтер алдағы уақытта да ауа райына қарай жұмыс кестесін реттеп, қала көшелерін қардан уақытылы тазалауды жалғастырады.

Тағы оқыңыз: «Ифтар» емес, «ауызашар» деп айтайық – ҚМДБ қазақ тіліндегі діни атауларды қолдануға шақырды

Поделиться:

Shares