Жөтел, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі немесе әлсіздік түрлі аурулар кезінде байқалады. Сондықтан бір адамға тиімді болған препарат екіншісіне көмектеспеуі мүмкін. Керісінше, аурудың асқынуына немесе жағымсыз әсерлердің пайда болуына әкелуі ықтимал.
Дәрі тағайындау кезінде дәрігер науқастың жасын, дене салмағын, созылмалы ауруларын, бауыр мен бүйрек қызметін және басқа да ерекшеліктерін ескереді. Сондықтан басқа адамға белгіленген мөлшер сізге сәйкес келмеуі мүмкін.
«Кез келген дәрілік препарат аллергиялық реакция немесе басқа да жағымсыз әсерлер туғызуы мүмкін. Әсіресе қарсы көрсетілімдерін білмей қабылданған дәрілер денсаулыққа қауіп төндіреді. Бір мезгілде қабылданған препараттар бір-бірінің әсерін күшейтуі немесе әлсіретуі мүмкін. Мұндай жағдайда емнің тиімділігі төмендеп, жағымсыз әсерлердің қаупі артады»,-дейді жалпы тәжірибе дәрігері Айна Айсина.
Дәрілерді бақылаусыз қабылдау ауру белгілерін уақытша бәсеңдеткенімен, оның негізгі себебін жоймауы мүмкін. Соның салдарынан адам дәрігерге кеш жүгініп, ауру асқынып кетуі ықтимал. Мамандар антибиотиктерді өз бетінше қабылдаудың қауіпті екенін атап өтеді. Туысыңызға немесе танысыңызға тағайындалған антибиотик сізге сәйкес келмеуі мүмкін. Антибиотиктерді орынсыз қолдану бактериялардың дәріге төзімділігін арттырады. Нәтижесінде болашақта жұқпалы ауруларды емдеу қиындай түседі.
Мамандар бірнеше қарапайым ережені ұстануға кеңес береді:
Рецепт арқылы берілетін дәрілерді тек дәрігердің тағайындауымен қабылдаңыз.
Ауру белгілері ұқсас болса да, басқа адамға жазылған препараттарды пайдаланбаңыз.
Өзіңізге тағайындалған рецептілік дәрілерді өзгелерге бермеңіз.
Дәрінің мөлшерін және емдеу ұзақтығын өз бетіңізше өзгертпеңіз.
Рецептісіз сатылатын дәріні таңдауға күмәндансаңыз, дәрігермен немесе фармацевтпен кеңесіңіз.
Тағы оқыңыз: Келесі жылы 4300 отандасымыз қажылыққа бара алады

