Махаббат үшін не істемейді десеңізші! Петропавлдың 40 жастағы тұрғыны TikTok-та тікелей эфирге шығып, былапыт сөздер айтқан. Кейін бұл әрекетін «махаббат үшін» деп түсіндірген. Алайда оның бұл сөзі жазадан құтқара алмады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізген полицейлер TikTok-тағы тікелей эфирлердің біріне назар аударған. Онда әйел балағат сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Тәртіп сақшылары эфир жүргізген адамның кім екенін анықтады. Ол Петропавл қаласының 40 жастағы тұрғыны Лилия Мухтанова болып шықты.

Полицейлерге әйел өзінің әрекетін «махаббат үшін» жасағанын айтқан. Тікелей эфирге шықпас бұрын ол сүйіктісімен жанжалдасып, екеуі ажырасып кеткен. Кейін әлеуметтік желіде сезімін жеткізу үшін боқауыз сөздерді қосқан. Тіпті, полицейлер ұстаған кезде де, ер адамға деген сезімін айтқан. Алайда сезімге берілгені оны әкімшілік жауапкершіліктен босатқан жоқ. Әйелге ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен оған бес тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды.

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті әлеуметтік желілерде де қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттігін ескертті. Дәл осылай тікелей эфирде былапыт сөздер айтқан үшін блогер де бес тәулікке қамалғанын жазған болатынбыз.

Тағы оқыңыз: СҚО-дағы өндіріс орындарында 30-ға жуық жазатайым оқиға тіркелген

Поделиться:

Shares