Солтүстік Қазақстан облысында бес көлік соқтығысып, үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апаты болды. Қаза тапқандар Жамбыл ауданындағы білім беру мекемелерінің қызметкерлері екені анықталды. Олардың бірі балабақша директоры, қалған екеуі тәрбиеші болған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Қайғылы оқиға 15 қазан күні таңғы сағат 08:00 шамасында республикалық маңызы бар Петропавл – Көкшетау тасжолында, Тайынша ауданындағы Кременчуг ауылының маңында болған. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жолда бірден бес көлік соқтығысқан. Олардың үшеуі жеңіл автокөлік, ал екеуі КамАЗ жүк көлігі.

Жеңіл машина жүк көліктерінің арасында қысылып қалған. Апат салдарынан Audi автокөлігінің үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. 20 жастағы көлік жүргізушісі мен тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілді. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қалған көліктердің жүргізушілері зардап шекпеген.

Үш адамның өліміне әкелген жол апатына қатысты Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы ресми түсініктеме берді.

«Жол апатынан Жамбыл ауданының білім беру саласының қызметкерлері — балабақша директоры мен екі тәрбиеші қаза тапты. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, сапар жеке сипатта болған және қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты болмаған», — деп хабарлады ведомство.

Үш адамның өмірін қиған жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

«Полиция көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуы салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр», — деп хабарлады СҚО полиция департаменті.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалды. Апат қалың тұманнан болуы ықтимал деген болжам бар. 

Тағы оқыңыз: СҚО-да мәслихат депутаттарын сайлауға кандидаттар ұсыныла бастады

Поделиться:

Shares