Петропавлда «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында «Бір кітап – бір әлем» атты әдеби квиз ұйымдастырылды. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өткен шараға 50-ге жуық студент қатысып, отандық және әлемдік әдебиет бойынша білімдерін сынады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бүгінде жастардың басым бөлігі әлеуметтік желілердегі қысқа бейнероликтерді көруге әуес. Ал кітап оқу – ой-өрісті кеңейтіп, сөздік қорды байытатын маңызды әдет. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әдеби квиздің басты мақсаты – жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыру.
«Қысқа бейнероликтерге шамадан тыс көңіл бөлу ұзақ уақыт бойы ақпаратқа назар аударуды қиындатуы мүмкін. Сондықтан мұндай әдеби шаралардың маңызы зор. Олар жастарды кітап оқуға, ізденуге және ой-өрісін кеңейтуге ынталандырады. Сонымен қатар кітап оқу сөздік қорды байытып, есте сақтау қабілеті мен ойлау дағдыларын дамытуға көмектеседі», — деді СҚО жастар ресурстық орталығының жетекшісі Анастасия Волкова.
Әдеби сайыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқысында қатысушылар белгілі шығармаларды сипаттамасы бойынша танып, әдеби дәйексөздердің авторларын анықтады. Сондай-ақ жазушылар мен ақындардың шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Ал екінші кезеңде жастар сүйікті кітаптарын таныстырып, бір-біріне оқуға тұрарлық туындыларды ұсынды. Шарада қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларына да ерекше назар аударылды.
Шара соңында белсенді қатысушыларға марапаттар мен тәтті сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар жастар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттайтын осындай жобаларды алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз: «Қызылжар» жасөспірімдері Қытайдағы халықаралық турнирде бақ сынайды

