Біреулер айына 200 мың теңгеге күн көрсе, енді біреулердің жалақысы 3 миллион теңгеден асып жығылады. Қазақстанда осындай жоғары еңбекақы алатын 14,5 мыңнан астам қызметкер бар. Олардың басым бөлігі өнеркәсіп пен қаржы саласында еңбек етеді. Бұл туралы nur.kz жазды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың сәуірінде елімізде 14 552 қызметкердің айлық жалақысы 3 млн теңгеден асқан. Бұл – жылына кемінде 36 млн теңге табыс деген сөз. Алайда мұндай жалақы кез келген салада кездесе бермейді. Қазақстандағы ең жоғары еңбекақы алатын мамандар негізінен экономиканың бірнеше секторында шоғырланған.

Миллионерлер қайда жұмыс істейді?

Үш миллион теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлер саны бойынша өнеркәсіп көш бастап тұр. Бұл салада 3 877 адам осындай табыс табады.

Екінші орында қаржы және сақтандыру секторы орналасқан. Мұнда ай сайын кемінде 3 млн теңге алатын 3 802 қызметкер бар.

Үздік үштікті ақпарат және байланыс саласы түйіндейді. Бұл бағытта 1 603 маманның жалақысы аталған межеден жоғары.

Миллиондық айлық алатындар басқа салаларда да бар:

  • Көтерме және бөлшек саудада – 1 361 адам;
  • Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 825 адам;
  • Көлік және қоймалау саласында – 775 адам.

Ал мемлекеттік басқару және қорғаныс, міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласында 83 қызметкердің жалақысы 3 млн теңгеден асады. Жылжымайтын мүлік операциялары саласында мұндай 81 адам, өзге де қызмет түрлерінде 60 адам тіркелген.

Бірі миллион санаса, енді бірі 200 мыңға жұмыс істейді

Дегенмен миллиондық жалақы – қазақстандық еңбек нарығындағы қалыпты жағдай емес, керісінше, сирек кездесетін көрсеткіш. Ресми статистика халықтың басым бөлігінің табысы әлдеқайда төмен екенін көрсетеді. Елімізде ең көп таралған жалақы мөлшері – 200-300 мың теңге. Осындай еңбекақы алатын 677 652 қызметкер бар.

Тағы 649 174 адам айына 100-200 мың теңге табады. Ал 622 127 қазақстандықтың жалақысы 300-400 мың теңге аралығында.

Осы үш санаттың өзінде 1,95 миллионға жуық қызметкер бар. Яғни 3 миллион теңгеден жоғары айлық алатындармен салыстырғанда олардың саны шамамен 134 есе көп.

Поделиться:

Shares