Петропавлда 49 жастағы ер адам полицейдің емес, интернет-алаяқтардың айтқанына сеніп, 3 миллион теңгесінен айырыла жаздады. Қала тұрғынын алаяқтардың арбауынан полицияның аға лейтенанты Еркебұлан Құрбаниязов құтқарып қалды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Оқиға Петропавлдағы сауда үйлерінің бірінде болған. Банкоматтардың жанында кезекшілік атқарып жүрген полиция қызметкері телефонмен сөйлесіп, қатты қобалжып тұрған ер адамды байқайды. Оның қолындағы жасыл пакеттің ішінен бума-бума ақша болған.
Күдікті жағдайды байқаған Еркебұлан Құрбаниязов бірден ер адамның жанына барып, қызметтік куәлігін көрсеткен. Телефонның ар жағында алаяқтар болуы мүмкін екенін ескертіп, ақшаны аудармауды сұрайды. Бірақ қала тұрғыны оны тыңдағысы келмепті.
Сөйтсе, алаяқтар мұндай жағдайды да алдын ала ойластырып қойған екен. Олар ер адамға «ешкімге сенбе» деп ескертіп үлгеріпті.
«Егер біреу сізді тоқтатуға тырысса, сенбеңіз. Олар – сіздің атыңызға несие рәсімдегісі келетін қылмыскерлер», – деп нұсқау берген алаяқтар.
Осылайша, көмекке келген полицейді ер адам алаяқ деп таныған. Соған қарамастан, полиция қызметкері ер адамды ақшаны аудармауға көндіре алған. Осылайша 3 миллион теңге алаяқтардың қолына түспей қалды.

Кейін белгілі болғандай, алаяқтардың құрбаны бола жаздаған азамат 49 жастағы слесарь болып шықты. Оның айтуынша, бәрі қарапайым телефон қоңырауынан басталған.
Алдымен автоматтандырылған дауыс электрондық цифрлық қолтаңбасының қолданылу мерзімі аяқталып келе жатқанын хабарлаған. Оны ұзарту үшін телефондағы «1» санын басуды ұсынған.
Ер адам айтылған нұсқауды орындағаннан кейін оған өзін банк қызметкері ретінде таныстырған басқа адам хабарласқан. Ол «1» санын не үшін басқанын сұрап, енді азаматтың атына алаяқтар несие рәсімдеп жатқанын айтып қорқытқан. Мәселені шешудің жалғыз жолы ретінде өз атына дәл сондай несие рәсімдеп, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынған. Осылайша қылмыскерлер азаматты 3 миллион теңге алып, оны өз қолымен алаяқтарға жіберуге көндірген.
Соңғы екі аптаның өзінде олар петропавлдықтарды кибералаяқтардың құрығынан төртінші рет құтқарып отыр.
Тағы оқыңыз: Петропавлда пробацияда тұрған 300-ге жуық азаматқа көмек көрсетілді

