«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалының мәліметінше, жыл басынан өңірдегі автомобиль жолдарына 291 инспекциялық тексеру жүргізілген. Оның 200-і республикалық, 39-ы облыстық, ал 52-сі аудандық маңызы бар жолдар.
Тексеру нәтижесінде алынған барлық сынаманың 27 пайызы талапқа сай болмай шықты. Республикалық маңызы бар жолдардан алынған 1146 сынаманың 264-інен сәйкессіздік анықталған. Оның 82-сі бойынша кемшіліктер жойылған. Сонымен қатар тіркелген 163 ақаудың 129-ы қалпына келтірілген.
Облыстық маңызы бар жолдардағы көрсеткіш одан да көңіл көншітпейді. Мұнда алынған 152 сынаманың 60-ы талапқа сай келмеген. Алайда соның тек үшеуі бойынша ғана сәйкессіздік жойылған. Бұдан бөлек, анықталған 46 ақаудың небәрі екеуі түзетілген.
Ал аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендер көшелеріндегі жағдай тіпті күрделі. Зертханалық тексеруге алынған 182 сынаманың 77-сі нормативтік талаптарға сәйкес келмеген. Оның тек біреуі бойынша кемшілік жойылған.
Ең қызығы, бұл жолдарда анықталған 45 ақаудың бірде-бірі әлі күнге дейін түзетілмеген. Ұлттық орталықтың мәліметінше, мердігер ұйымдар оларды жою жұмыстарына әлі кіріспеген. Жалпы, өңірде тексеру барысында 254 ақау тіркеліп, оның 131-і ғана жойылған. Қалған 123 ақау әлі түзетілмеген.
Мамандардың айтуынша, негізгі сәйкессіздіктер жол-құрылыс материалдарының суға қанығу көрсеткіштері мен асфальтбетон жабынынан алынған керндердің тығыздалу деңгейіне қатысты. Бұл көрсеткіштер жол жабынының сапасы мен беріктігін бағалауда маңызды рөл атқарады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Надежда көшесінде жылдамдықты бақылайтын жаңа камера іске қосылды

