СҚО-да миллиондаған теңгенің ауылдық жобалары қаржыландыруды күтіп тұр
Солтүстік Қазақстан облысының ауылдарында су құбыры мен жол жөндеу мәселесі әлі шешімін таппай отыр. Кейбір жобалардың құжаттары бірнеше жыл бұрын дайындалған. Бірақ оларды жүзеге асыруға қаражат бөлінбеген. Бұл мәселелер «Әділет» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы кезінде көтерілді, деп жазады Qazaqstan Media.
Қабылдау Есіл және Айыртау аудандарының ауылдарында өтті. Бір күнде мамандарға 50-ден астам адам жүгінді. Тұрғындар ауызсу, жол жөндеу, әлеуметтік көмек және ұялы байланыс сапасына қатысты мәселелерді айтты.
Ауызсу мәселесі әр ауданда өзекті. Мәселен, Айыртау ауданы Советское ауылын магистральдық су құбырына қосу жобасының құжаттары түзетіліп жатыр. Имантау ауылында су желілерін салуға қажетті құжаттар дайын. Бірақ қаржы бөлінбеген. Лобаново ауылына жаңа су ұңғымасы қажет. Ол үшін алдымен жоба әзірлеу керек.
Ауыл жолдарын жөндеу де тұрғындарды алаңдатады. Есіл ауданы Корнеевка ауылындағы Индустриальная және Целинная көшелерінің үш шақырымын жөндеу жобасы 2024 жылы дайындалған. Оның құны – 181,7 млн теңге. Алайда жоба әлі қаржыландырылмаған.
Интернационал көшесінің екі шақырымын жөндеп, қиыршық тас төсеуге тағы 37,3 млн теңге қажет.
Айыртаудағы Лобаново мен Шалқар ауылдарында да жол жөндеу жобалары дайын тұр. Олардың жалпы құны 150 млн теңгеге жуық. Бірақ бұл жұмыстарға да қаржы бөлу мәселесі шешілмеген.
Қабылдау барысында тұрғындарға жобалардың басым бөлігі бойынша құжаттар әзірленгені айтылды. Енді оларды жүзеге асыру үшін қаржы мәселесін қарау қажет.
Қоғамдық қабылдауда әлеуметтік көмек сұраған тұрғындар да болды. Ильинка ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы Сарбиназ Сычёва денсаулығына байланысты тұрақты күтімді қажет ететін Александровка ауылының қарт тұрғынына жәрдемдесуді сұрады.
Қабылдау қорытындысында зейнеткерді әлеуметтік қызмет көрсету мекемесіне орналастыруға көмектесу уәде етілді.
Тұрғындар рецепт бойынша берілетін дәрілердің қолжетімділігіне де қатысты шағымдарын жеткізді. Мектептердің техникалық қызметкерлері еңбекақыны арттыру мәселесін көтерді. Ұялы байланыстың сапасына қатысты өтініштер де болды.
СҚО-да миллиондаған теңгенің ауылдық жобалары қаржыландыруды күтіп тұр
«Біз тұрғындармен міндетті түрде кері байланыс орнатып, орындалмайтын уәде бермеуіміз керек. Әрбір көтерілген мәселеге сапалы әрі нақты жауап берілуі тиіс», – деді «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрайымы Қалия Төренова.
Республикалық мобильді қоғамдық қабылдау Явленка, Корнеевка, Лобаново және Шалқар ауылдарында өтті.