Маржан Шәкірбаева 37 жыл бойы білім саласында еңбек етіп келеді. Ол — Шал ақын ауданы Жаңажол ауылының тумасы. Ұстаздықты бала кезінен жүрек қалауымен таңдаған кейіпкер бүгінде өзі білім алған мектепте шәкірт тәрбиелеп жүр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Маржан Адырбаевна 1967 жылдың бірінші қаңтарында Жаңажол ауылында дүниеге келген. Оның ұстаздық жолды таңдауына отбасындағы тәрбие әсер еткен. Әкесі Адырбай Шоткин кеңшарда қызмет атқарып, еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Ал анасы Күлзада Нұржауыпова Жаңажол орта мектебінің алғашқы директоры әрі химия пәнінің мұғалімі болған. Ол- «Құрмет белгісі» ордені мен «Еңбек ардагері» медалінің иегері.
Отбасындағы мегіз баланың басым бөлігі ұстаздық жолды таңдаған. Олардың арасында білім беру ісінің үздіктері мен еңбек ардагерлері бар. Осындай ортада тәрбиеленген Маржан Шәкірбаева да бала кезінен мұғалім мамандығына жақын болып өсті. 1984 жылы Жаңажол орта мектебін тәмамдап, К.Д. Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтының география және биология факультетіне оқуға түседі. 1989 жылы оқуын аяқтап, туған мектебіне мұғалім болып оралады.
Содан бері 37 жыл бойы Ғ. Малдыбаев атындағы Жаңажол орта мектебінде қызмет етіп келеді. Оның 25 жылы — директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне арналды.
Ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, Маржан Шәкірбаева «Білім беру саласының құрметті педагогы» медалімен, Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына және түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Ұстаз үшін бұл марапаттар – жылдар бойғы еңбектің нәтижесі. Ал шәкірттерінің жетістігі мен туған мектебінің дамуына қосқан үлесі – еңбегінің басты бағасы.
«Ұстаздық – жай ғана мамандық емес. Ол – ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, олардың болашағына жол ашатын үлкен жауапкершілік. Мен бұл жолды таңдағаныма еш өкінбеймін», – дейді Маржан Шәкірбаева.

