Ресейдің Иркутск облысында аса қауіпті инфекцияға күдік туындады. Хабарламадан кейін эпидемиологиялық жағдай Қазақстанның ерекше бақылауына алынды, деп хабарлады Qazaqstan Media.
Іргелес елдегі жағдай қазақстандықтарды да алаңдатып отыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі жағдайдың тұрақты екенін, мемлекеттік шекара пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтіліп, инфекцияның келу қаупі төмен бағаланып отырғанын мәлімдеді.
Көліктің барлық түрлері тексерілген. Дене қызуы жоғарылаған, ауру белгілері немесе аса қауіпті инфекцияға күдігі бар адамдар анықталған жоқ.
«Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен деңгейде қалып отыр. Сапардан кейін ауру белгілері пайда болған жағдайда медициналық көмекке уақытылы жүгініп, дәрігерге болған жеріңіз бен сапар күндері туралы хабарлау қажет», — деді министрлік.
Ресейлік тараптың ақпараты бойынша, Шелехов аудандық ауруханасында 197 адам медициналық бақылауға алынғанымен, олардан ауру белгілері табылмаған және зертханалық сынақ нәтижелері теріс шыққан.
Төртінші қазан і күні Роспотребнадзор баспасөз қызметі Иркутск облысында оба ауруының тіркелмегенін, ал 28 жастағы әйелдің қайтыс болуына әзірге анықталмаған пневмония себеп болғанын хабарлады. Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға тек ресми ақпаратқа сенуге және шет елден келгеннен кейін ауру белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралуға кеңес береді.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/sqo-sportshylary-aziya-ojyndarynan-eki-altyn-bir-kuemis-bir-qola-medal-zhengip-aldy/

