Құрмашева Аманда Әділқызының өмірі мен ұстаздық жолы Шал ақын ауданы Кеңес ауылымен тығыз байланысты. Ол осы ауылда дүниеге келіп, білім алған. Жас маман жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін де туған жеріне ұстаз болып оралды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Аманда Құрмашева Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде биология мамандығын меңгерді. 2024 жылы жоғары оқу орнын аяқтаған жас маман туған ауылына оралып, өзі түлеп ұшқан мектепке биология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Кезінде білім алған білім ордасына ұстаз ретінде қайта оралу — Аманда үшін зор жауапкершілік әрі мақтаныш.

Туған мектебіне ұстаз болып оралған жас маман
Туған мектебіне ұстаз болып оралған жас маман

«Бұл мамандықты таңдауыма биология пәніне деген қызығушылығыммен қатар, өзімнің биология пәні мұғалімім Болат Қажжанұлының ықпалы зор болды. Оның пәнге деген сүйіспеншілігі мен сабақты түсіндіру тәсілі маған әрдайым үлгі еді. Сол кісідей білімін шәкірттеріне қызықты әрі түсінікті жеткізетін ұстаз болғым келді», — дейді жас маман.

Аманда ұстаздық жолын бастағаннан бері оқушылардың биология пәніне қызығушылығын арттыруға, теориялық білімді күнделікті өмірмен байланыстыра оқытуға басымдық беріп келеді. Осы бағытта «Bio Online» жобасын әзірлеп, қорғаған. Қазір жобаны одан әрі дамытып, оқушыларға арналған оқу материалдарымен толықтыруда.

Жас ұстаздың еңбегі түрлі байқауларда да бағасын алған. «Дебют» жас педагогтер байқауында аудандық және облыстық кезеңдерде III орын, «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауында III орын иеленді. «Sabaq» және «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» аудандық байқауларында I орын алды. Жас маманның шәкірттері де білім додаларында нәтижелі өнер көрсетіп жүр.

Жас педагог аудандық және облыстық семинарлар мен конференцияларға қатысып, тәжірибесімен бөлісіп келеді.
Туған мектебіне қайта оралып, енді сол білім ордасында шәкірт тәрбиелеу — Аманданың басты мақсатының біріне айналған. Алдағы уақытта ол кәсіби тұрғыдан дамып, оқушыларының білімге деген қызығушылығы мен қабілетін одан әрі арттыруды көздейді.

«Ұстаздық жолымды абыроймен жалғастырып, еңбегіммен жаңа жетістіктерге жеткім келеді. Білім саласының дамуына өз үлесімді қосып, тәрбиелі, саналы әрі білімді шәкірт тәрбиелеу — басты мұратым», — дейді жас ұстаз.

Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/petropavlda-oetken-awyl-sharwashylyghy-zhaermengkesinde-bes-tonnagha-zhwyq-oenim-satyldy/

Поделиться:

Shares