2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні

Солтүстік Қазақстан облысында дәрігер тапшылығы әлі де өзекті. Қызылжар ауданындағы 37 медициналық пункттің 12-сінде негізгі медицина қызметкері жоқ. Ал кейбір жас мамандар көтермеақы мен баспана түріндегі қолдауға қарамастан, бір-екі жылдан кейін ауданнан кетіп қалады. Бұл мәселе облыстық мәслихатының кезекті сессиясында көтерілді, деп жазады Qazaqstan Media.

Сессияның негізгі тақырыбы денсаулық сақтау саласын кадрмен қамту, жас мамандарды тарту және оларды өңірде тұрақтандыру тетіктеріне арналды.

Қазір облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдарында 1391 дәрігер және 4500 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 1,5 пайызға өсіп, мың тұрғынға шаққанда 26,7-ден 27,1-ге жеткен.

Алайда бірқатар мамандық бойынша тапшылық сақталып отыр. Облыста педиатрлармен қамтылу — 86,4 пайыз, жалпы тәжірибелік дәрігерлермен — 81,8 пайыз, терапевтермен — 80,6 пайыз, психологтармен — 80,9 пайыз, әлеуметтік қызметкерлермен — 78,4 пайыз.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Санжаровтың айтуынша, соңғы үш жылда өңірге 262 жас маман тартылған.

«Биыл облысқа 33 жалпы тәжірибелік дәрігер, екі педиатр, бес терапевт және облыстық бюджет есебінен резидентурада білім алған 14 маман келді. Дәрігерлерге 5 млн теңгеге дейін, ал аса тапшы мамандық иелеріне 8,5 млн теңгеге дейін көтермеақы қарастырылған», — деді Нұрсұлтан Санжаров.

Петропавлға келген мамандарға тұрғын үйді жалдау ақысы үш жылға дейін төленеді. Ауылдық жерлерге жіберілген бейінді мамандарға 5 млн теңгеге дейін көмек беріледі. Бірақ депутаттардың айтуынша, мәселе тек ақшаға тірелмейді.

Тұрақты комиссия мүшелері сессияға дайындық кезінде аудандық ауруханаларды аралаған. Аққайың ауданында дәрігерлермен қамтылу 91 пайыз, орта буын медицина қызметкерлерімен қамтылу 93,3 пайызды құрайды. Ал Қызылжар ауданындағы жағдай күрделірек.

«1 шілдедегі жағдай бойынша Қызылжар ауданындағы 37 медициналық пункттің 12-сі негізгі медицина қызметкерлерімен қамтылмаған. Қазір бұл мәселе басқа елді мекендерден қосымша мамандар тарту арқылы шешіліп отыр», — деді облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы Ольга Клишина.

Оның сөзінше, жас дәрігерлерге көтермеақы, тұрғын үй және өзге де әлеуметтік қолдау көрсетілгенімен, олардың бір бөлігі ауылда ұзақ тұрақтамайды.

«Негізгі сұрақ : маман көтермеақы алып, баспанамен және басқа да қолдау шараларымен қамтамасыз етілсе де, неге бір-екі жылдан кейін кетіп қалады? Себеп тек қаржылай көмектің көлемінде емес. Жұмыс жағдайы, жүктеме, баспана, отбасы жағдайы және көлік қатынасы да әсер етеді», — деді Ольга Клишина.

Мәселен, ауылдық жерлерде кей медицина қызметкерлеріне амбулатория ғимаратынан бөлме берілген. Алайда депутаттар мұны тұрғын үй мәселесінің толыққанды шешімі деп санамайды.

Сонымен бірге депутаттар Тайынша аудандық ауруханасының жұмысын оң бағалады. Онда ғимарат жөнделіп, заманауи медициналық жабдықтар орнатылған, қабылдау және реанимация бөлімдері жаңартылған. Бірқатар диагностика мен емдеу түрін тұрғындар облыс орталығына бармай-ақ ауданның өзінде ала алады. Алайда заманауи ғимарат пен қымбат жабдықтың өзі кадр тапшылығын шеше алмайды.

«Қазіргі заманғы аурухана медициналық қызметкерсіз медициналық көмектің қолжетімділігі мәселесін толық шеше алмайды. Жаңа ғимарат салып, оны заманауи жабдықпен қамтамасыз етуге болады, бірақ ең бастысы — онда жұмыс істейтін маман болуы керек», — деді Ольга Клишина.

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *