Петропавлда мемлекет қажеттілігіне байланысты жер телімдерін қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері қалада жылжымайтын мүлік орналасқан 89 жер учаскесі мемлекет меншігіне алынған. Олардың басым бөлігі – жеке тұрғын үй секторындағы нысандар, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Қазір тағы 72 жер учаскесін мемлекет қажетіне алу жоспарланып отыр. Осыған байланысты 35 қаулы әзірленген. Босатылған аумақтарға облыстық сот ғимараты, инклюзивті спорт орталығы және көпқабатты тұрғын үйлер салу көзделген. Сонымен қатар жер телімдері жол және өзге де әлеуметтік нысандарды орналастыруға пайдаланылмақ.
Мүлік иелеріне өтемақы ретінде ақшалай қаражат немесе пәтер ұсынылады. Бұл ретте алдымен тәуелсіз бағалау жүргізіліп, меншік иелерімен келісу рәсімі өтеді. Қалалық ТҮКШ бөлімінің мәліметінше, мемлекет қажетіне жер алу қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
«2026 жылы Петропавл қаласында 89 жер учаскесі мемлекет меншігіне алынды. Қазіргі уақытта тағы 35 қаулы бойынша 72 жер учаскесін алу жоспарланып отыр. Тәуелсіз бағалау жүргізілгеннен кейін меншік иелерімен келісу рәсімдері өткізіледі. Өтемақы ретінде ақшалай қаражат немесе пәтер алу мүмкіндігі қарастырылған», – деді қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Бердімұрат Баймұқан.

