СҚО-ға 2027 жылы 432,9 млрд теңге субвенция бөлу жоспарланып отыр

Солтүстік Қазақстан облысына 2027 жылы республикалық бюджеттен 432,9 млрд теңге көлемінде ақша  бөлу көзделіп отыр. Бұл биылғы көрсеткіштен шамамен 99 млрд теңгеге көп. Субвенция көлемі бойынша СҚО ел өңірлері арасында төртінші орынға шықты, деп жазады Qazaqstan Media.

«2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы 31 тамызда жарияланып, көпшілік талқылауына шығарылды.

Құжатқа сәйкес, 2027 жылы республикалық бюджеттен облыстар мен Шымкент қаласының бюджеттеріне жалпы 6 трлн 357,8 млрд теңге субвенция беру жоспарланған.

Солтүстік Қазақстан облысына 432 млрд 904,8 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл өңірлерге бөлінетін субвенциялардың жалпы көлемінің шамамен 6,8%-ын құрайды.

СҚО-дан көбірек қаражат тек үш өңірге қарастырылған. Көш басында Түркістан облысы тұр — 1 трлн 248 млрд теңге. Жамбыл облысына 607,5 млрд теңге, Қызылорда облысына 546,9 млрд теңге бөлу жоспарланған. 432,9 млрд теңге көрсеткішімен Солтүстік Қазақстан облысы төртінші орында. Одан кейін Қостанай облысы — 423,8 млрд теңге, Абай облысы — 421,1 млрд теңге және Қарағанды облысы — 419,9 млрд теңге.

СҚО үшін субвенция көлемі бір жылда айтарлықтай өсіп отыр. 2026 жылға облысқа 333 млрд 976,4 млн теңге қарастырылған еді. Егер бюджет жобасы осы күйінде қабылданса, 2027 жылы республикалық қолдау көлемі шамамен 98,9 млрд теңгеге немесе 29,6%-ға артады.

Жалпы өңірлерге берілетін субвенциялар да көбеймек. 2026 жылға олардың көлемі шамамен 5,17 трлн теңге болса, 2027 жылы 6,36 трлн теңгеге дейін өседі. Айырмашылық — шамамен 1,19 трлн теңге.

Бюджеттік субвенциялар — өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілу деңгейін теңестіру үшін республикалық бюджеттен берілетін трансферттер. Сондықтан СҚО-ға қарастырылған 432,9 млрд теңге белгілі бір жобаға бөлінген бір реттік қаржы емес. Бұл қаражат облыстық бюджетті қалыптастыру кезінде ескерілетін республикалық трансферт.

Әзірге бұл сомалар түпкілікті емес. «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қоғамдық талқылау кезеңінде тұр.

Тағы оқыңыз: СҚО-да 6 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш аттады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *