СҚО-да 6 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш аттады
Биыл СҚО-да 73 мыңнан астам бала мектепке барады. Оның 6 мыңға жуығы білім ұяларының табалдырығын алғаш аттайды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавлдағы Бірінші гимназияда да Білім күніне арналған салтанатты шара өтті. Қыздардың басында ақ бантик, ұлдар мойындарына галстук байлаған. Үстерінде дәстүрлі мектеп формасы. Бәрінің мақсаты — озат оқушы атану.
СҚО-да 6 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш аттады
«Биыл 100-ге жуық бала мектебіміздің табалдырығын алғаш аттады. Ал жалпы білім ұясында 900-ден астам оқушы оқиды. Оларға 85 ұстаз тәлім береді. Оның барлығы дерлік жоғары категорияға ие педагогтер. Оқу орнының 60 жылдық тарихы бар. Ұл-қыздарымыз жыл сайын халықаралық олимпиадаларға қатысып, үздік нәтиже көрсетеді», Бірінші гимназияның директоры Татьяна Анцибор.
Бүлдіршіндер мектепке дайын. Алда оларды әткеншек емес, Әліппе күтеді. Санап, жазып, оқып үйренеді. Оқу жылы басталды. Мұғалімдер сақадай-сай, дайындықтарын пысықтап, оқушыларын құшақ жая қарсы алды. Ал өмірдің жаңа парағын ашқан шәкірттер мектепте оқитындарына дән риза. Айта кету керек, бүгін облыста 6 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш аттады.