СҚО-да республикалық маңызы бар автожолдардың бірінде орташа жөндеу жұмыстары қарқын алды. Жұмыс «Астана – Көкшетау (айналма жолы) – Петропавл – РФ шекарасы (Жаңа жол өткізу пункті)» бағытының 341-473 шақырымдары аралығында жүргізілуде, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жолдың бұл учаскесі өңір үшін маңызды көлік бағыттарының бірі. Сондықтан мұндағы жол жабынының сапасы мен қозғалыс қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп отыр. Жөндеу жұмыстары жолдың барлық бөлігінде емес, қажеттілігіне қарай таңдамалы түрде атқарылуда.
Қазіргі таңда мердігер ұйым бірқатар ауқымды жұмысты атқарған. Атап айтқанда, 588 мың шаршы метр аумақтағы қолданыстағы асфальтбетон жабыны жонылды. Бұл – жолдың ескі қабатын алып, кейінгі жаңарту жұмыстарына дайындау кезеңі.
«Сондай-ақ 50,5 мың тонна тегістеуші асфальтбетон қабаты жсңартылды. Ал жолдың жоғарғы қабаты 351 мың шаршы метр аумақта қиыршықтас төселді. Жол-құрылыс жұмыстарының негізгі мақсаты – жол сапасын арттыру. Жаңартылған учаскелер көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жүргізушілер үшін жол жүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», — деп хабарлады «Қазавтожол» ҰК.
Тағы оқыңыз: Қыркүйектен бастап мектептерді қандай өзгерістер күтіп тұр

