Уәлиханов ауданындағы сайлау учаскелерінің бірінде бүгін ерекше әрі әсерлі сәт болды. Кішкенекөл ауылында Қабышевтар әулетінің үш буын өкілі сайлауға бірге келіп, ел болашағы үшін өз таңдауларын жасады, деп жазады Qazaqstan Media.
23 тамызда Кішкенекөл ауылындағы №529 сайлау учаскесіне бір әулеттің үш буыны – атасы Қабышев Нұрғали Сайткенұлы, баласы Сайткен Медет Нұрғалиұлы және немересі Сайткен Әлихан Медетұлы бірге келді. Атасы, әкесі мен немересінің бір мезетте дауыс беруі бұл күнді отбасы үшін де ерекше оқиғаға айналдырды.
Әсіресе, бұл сайлау әулеттің кенжесі Әлихан Медетұлы үшін есте қаларлықтай болды. Ол биыл алғаш рет сайлаушы ретінде өз таңдауын жасады. Жас азаматтың өміріндегі маңызды сәтті отбасы ұлттық дәстүрмен атап өтті. Әжесі Ахмедьянова Касья Калкеновна немересінің алғашқы дауыс беруіне орай шашу шашып, ақ тілегін білдірді.
Осылайша, сайлау учаскесіндегі азаматтық таңдау қазақы дәстүрмен астасып, ерекше көрініске ұласты. Үлкендердің ізін жалғаған жас сайлаушының алғашқы қадамына отбасының бірнеше буыны куә болды.
Бір әулеттің үш ұрпағының сайлауға бірге қатысуы – жай ғана отбасылық оқиға емес. Бұл үлкеннен кішіге жалғасқан азаматтық жауапкершіліктің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Атасы мен әкесі жылдар бойы орындап келе жатқан азаматтық міндетті енді немересі де жалғастырып отыр.
Қабышевтар әулетінің бүгінгі таңдауы отбасылық құндылық пен ел алдындағы жауапкершіліктің өзара сабақтас екенін көрсетті. Үш буынды бір мақсатқа тоғыстырған бұл күн әулет тарихында да есте қаларлық сәттердің бірі болып қалмақ.
Тағы оқыңыз: СҚО әкімі Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді

