Жамбыл ауданында Спорт күні кең көлемде аталып өтті. Мереке Жамбыл ауданының спортшылары, жаттықтырушыларының, спорт ардагерлері мен тұрғындарының басын қосты. Таңғы бағдарлама жалпы дене шынықтыру жаттығуынан және жаппай жүгіруден басталып, кейін бірнеше алаңда спорттық сайыстармен жалғасты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Мемлекеттік рәміздер алаңында тұрғындар таңғы жаттығуға қатысты. Оны Қазан ауылдық округінің спорт әдіскері Ильгар Мамедов өткізді. Арада 20 минут өткен соң осы жерден жаппай жүгіруге старт берілді.
Ал, Шухов көшесіндегі спорт алаңында шағын футбол мен волейболдан жарыстар өтті. «Жас қыран» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде де волейболшылар сынға түсті. Ал Мемлекеттік рәміздер алаңында қатысушылар асық ату және бес тас ұлттық ойындарында бақ сынады.
Мерекеге қатысушыларды Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасов құттықтап, спортшылардың аудан абыройын облыстық және республикалық жарыстарда лайықты қорғап жүргенін атап өтті.

«Спорт – денсаулық, тәртіп, мақсатқа ұмтылу, мінездің беріктігі және нәтижеге қол жеткізе білу. Бүгінде мақтан тұтар жетістіктеріміз бар. Спортшыларымыз Жамбыл ауданының намысын облыстық және республикалық жарыстарда абыроймен қорғап жүр. Бұл жеңістер – спортшылардың, жаттықтырушылар мен тәлімгерлердің үлкен еңбегінің нәтижесі. Алда әлі талай жетістік пен жарқын жеңіс күтіп тұрғанына сенімдімін», – деді Азамат Бектасов.
Аудан спортшыларының жеңісі
Биыл Жамбыл ауданында XXX «Север-2026» халық спорты ойындары өтіп, аудан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
Сонымен қатар спортшылар «Север», «Ақ бидай», «Надежда», «Ұлттық спорт түрлері» және «Жастар» атты бес облыстық спартакиада мен халық спорты ойындарына қатысты. Нәтижесінде Жамбыл ауданы облыстық рейтингте тоғызыншы орыннан бесінші орынға көтерілді.
Ауданның спорттық жетістіктеріне үлес қосқандардың бірі – Нұрсұлтан Байназар. Ол қазақ күресінен облыс чемпионы атанды. Көкпардан Айбек Елеубаев, Дәурен Наурызбаев және Бексұлтан Есилбай өнер көрсеткен команда жақсы нәтиже көрсетті. Ал Бекжан Зикирин мен Рахат Ганиев жағажай волейболынан жүлдегер атанды.

Жас спортшылардың да жетістігі аз емес. Биыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері 176 медаль жеңіп алды. Оның 34-і – алтын, 58-і – күміс, 84-і – қола.
Шухов атындағы Пресновка мектеп-гимназиясының оқушысы Лейла Мусина бокстан Қазақстан чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Оны жарысқа жаттықтырушы Нұрлан Дәутов дайындады.
Қыздар арасындағы шағын футболда да аудан құрамалары жоғары нәтиже көрсетті. Қайранкөл жалпы білім беретін мектебінің 5–6 және 7–8 сынып оқушылары республикалық жарыста бірінші орын алды. Команданы жаттықтырушы Серік Байкенов дайындаған.
Ауданда спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. Соңғы екі жылда бұл бағытқа 20 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Ауылдарда 13 шағын футбол алаңы салынды. Биыл тағы бір алаң Кладбинка ауылында бой көтереді. Аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен хоккей корты да тұрғындар арасында сұранысқа ие.
Спорт күні кешке орталық алаңдағы жеңімпаздар мен жарысқа қатысушыларды марапаттау рәсімімен жалғасты. Тұрғындарға концерттік бағдарлама ұсынылып, мереке дискотекамен қорытындыланды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қауіпті маневр жасаған жүргізуші жауапкершілікке тартылды

