Санаулы күндерден соң Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – жаңа бір палаталы заң шығарушы органның құрамын айқындайтын алғашқы сайлау. Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Тимур Жұманов тұрғындарды саяси науқаннан шет қалмай, өз таңдауын жасауға шақырды, деп жазады Qazaqstan Media.

Тимур Жұмановтың айтуынша, сайлауға қатысу – азаматтардың елдегі маңызды шешімдерге өз көзқарасын білдіруінің нақты мүмкіндігі.

«Құрылтай сайлауы – еліміз үшін маңызды саяси кезең. Біз алдағы жылдары халықтың мүддесін қорғайтын, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін өкілдерді таңдаймыз. Сондықтан әр азаматтың дауысы маңызды. Сайлауға қатысу арқылы біз өз таңдауымызды жасап қана қоймай, еліміздің болашағына деген жауапкершілігімізді де көрсетеміз», – дейді Тимур Жұманов.

Жаңа Құрылтай 145 депутаттан тұратын бір палаталы заң шығарушы орган болады. Депутаттар партиялық тізімдер бойынша сайланады.

Қалалық мәслихат депутаты тұрғындарды 23 тамыз күні сайлау учаскелеріне барып, азаматтық белсенділік танытуға шақырды.

«Кейде бір дауыс ештеңені өзгертпейді деген пікірді естиміз. Бірақ сайлау – дәл сол жеке дауыстардан құралады. Елдің ертеңіне бейжай қарамайтын әр азамат өз таңдауын жасауы керек. 23 тамызда сайлау учаскесіне келіп, дауыс беруге шақырамын. Бұл – әрқайсымыздың конституциялық құқығымыз әрі ел болашағына өз үлесімізді қосудың мүмкіндігі», – деді Тимур Жұманов.

Құрылтай депутаттарын сайлау 23 тамызда өтеді. Осы күні қазақстандықтар жаңа заң шығарушы органда өз мүддесін кімдердің білдіретініне дауыс береді.

Тағы оқыңыз: Бала екпе алмаған болса, мектепке кіргізбей қоя ма?

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *