Солтүстік Қазақстан облысында балық шаруашылығын жүргізу үшін тоғыз көл конкурсқа қойылды. Кәсіпкерлер су айдындарын он жылға алып, онда көл-тауарлы балық шаруашылығымен айналыса алады. Өтінімдер 28 тамызға дейін қабылданады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Конкурсты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы жариялады. Тізімге Солтүстік Қазақстан облысының бес ауданындағы су айдындары енген.

Конкурсқа қойылған ең ірі су айдыны — Мамлют ауданындағы Худиковое көлі. Оның аумағы 114,92 гектарды құрайды. Сондай-ақ осы аудандағы Краснознаменное — 42 гектар және Чивилево — 51 гектар көлдері ұсынылып отыр.

Есіл ауданында кәсіпкерлерге аумағы 80,4 гектар Мусино және 92 гектар Костомар Большой көлдері ұсынылады.

Тағы екі су айдыны Қызылжар ауданында орналасқан. Олар — аумағы 30,3 гектар Стадное және 74 гектар Чирок көлдері.

Аққайың ауданында аумағы 49 гектар Үлкен Тоқшын көлі, ал Жамбыл ауданында 48 гектар Суаткөл көлі конкурсқа шығарылды.

Барлық тоғыз су айдынын конкурс жеңімпаздарына он жыл мерзімге бекітіп беру жоспарланған. Мұнда көл-тауарлы балық шаруашылығын жүргізуге болады. Өтінімді e-Qazyna веб-порталы арқылы беруге болады. Құжаттарды қабылдау 2026 жылғы 28 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 09:55-те аяқталады.

«Конкурсқа жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Ол үшін порталға алдын ала тіркеліп, қажетті мәліметтерді ұсыну керек. Жеке тұлғалар ЖСН, аты-жөні және байланыс деректерін көрсетуі тиіс. Заңды тұлғалардан БСН, ұйымның толық атауы, бірінші басшы туралы мәлімет, банктік деректемелер және байланыс ақпараты талап етіледі», — деп хабарлады Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы.

Өтінім электронды түрде беріледі және қатысушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады. Сонымен қатар конкурсқа қатысу үшін 100 АЕК мөлшерінде кепілдік жарна қарастырылған. Қосымша ақпаратты Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясынан 8 (7162) 31-00-14 телефоны арқылы алуға болады.

Тағы оқыңыз: Жаңа оқу жылынан бастап облыстың бес ауданында агросыныптар ашылады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *