Теріскейде күзгі дала жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін диқандар 776 мың гектар алқапты орып үлгерген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Биыл аймақта 4,4 млн гектардан астық жинау жоспарланған. Оның 2,9 млн гектары — дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Сонымен қатар, 1,3 млн гектарға – майлы, ал 254 мың гектарға мал азықтық дақылдар егілген.
Бүгінде солтүстікқазақстандық диқандар 776,7 мың гектардан дән жинап үлгерді. Қазіргі күні қамбаға 1 млн 122 мың тоннадан астам өнім құйылды. Орташа өнімділік көрсеткіші 14,5 центнерді құрап отыр. Облыста маңызды науқанға 7 мыңға жуық комбайн, 10 мыңнан астам трактор және 5,5 мың жүк көлігі қатысуда.
«Солтүстік Қазақстан облысында астық сақтау қоймаларының сыйымдылығы 6,9 млн тоннаны құрайды. Айта кетейік, биыл да шаруаларға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде. Ағымдағы жылы облысымыздағы диқандарға 61,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Оның литріне белгіленген баға 309 теңгеден аспайды», — деп хабарлады СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы.
Тағы оқыңыз: Құрылтай сайлауы туралы барлық ақпарат бір сайтта: Абай Сейфулла «Құрылтай LIVE» платформасын іске қосты

