Елімізде тамыздың үшінші жексенбісі Спорт күні атап өтіледі. Айтулы мереке қарсаңында Петропавлда салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Спорт күніне арналған жиын барысында саланың дамуына зор үлес қосып жүрген 40-қа жуық маман бейінді министрлік пен облыс әкімі атынан түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды. Құрметке бөленгендердің арасында «Қажымұқан» атындағы ұлттық спорт түрлері бойынша БЖСМ жаттықтырушысы Жандарбек Қуандықов бар. Азаматтың бапкерлік қызметке жүргеніне 25 жылдан асқан. Осы уақыт ішінде ол талай жастың томағасын сыпырып, қазақ күресі, тоғызқұмалақ пен шахматтан чемпиондарды дайындады. Жандарбек Қинаятұлына бүгін облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.
«Қазіргі таңда жастардың көбі салауатты өмір салтын ұстанады. Алаңдарда жүрген ұл-қыздарды көріп қуанамын. Бұл үрдіс әрі қарай да жалғаса берсе екен деймін», — деді марапат иесі.
Жыл өткен сайын облыста спорт саласы қарқынды дамып келеді. Биыл толағайларымыз халықаралық додаларда атой салды. Жерлесіміз Ербол Хамитов Паралимпиада ойындарында топ жарса, Кристина Шумекова болса конькимен жүгіруден бес дүркін әлем чемпионы атанды. Аталған спортшылардың ізін басатын жастарды шығарғымыз келсе инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлінуі қажет. Қазіргі таңда облыста екі мыңнан астам спорт нысаны жұмыс істейді. Салынып жатқаны қаншама.
СҚО-да спорт саласының мамандары марапатталды
«Алдағы уақытта облыста көпбейінді мұз айдыны салынады. Әмбебап спорт кешені қолданысқа беріледі. Жабық стадионның құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз», — деді СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазанова.
Айта кету керек, аймақта 227 мыңнан астам адам тұрақты түрде спортпен айналысады. Бұл облыс тұрғындарының — 44 пайызы. 2030 жылы бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.