Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарға балалардың ұйқы режимін алдын ала қалыпқа келтіру ұсынылды. 6-12 жастағы оқушылар тәулігіне 9-12 сағат, ал 13-18 жастағы жасөспірімдер 8-10 сағат ұйықтауы керек. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.
Мамандардың айтуынша, жазғы демалыста кеш жатып, кеш тұруға үйренген баланың режимін мектеп басталған күні бірден өзгерту қиын. Сондықтан ұйықтау және ояну уақытын алдын ала біртіндеп реттеген жөн. Ұйқының жеткілікті болуы баланың білімге зейін қоюына, ақпаратты есте сақтауына және оқу күні бойы белсенді болуына әсер етеді. Сонымен қатар, ұйқы баланың эмоционалдық жағдайы мен ағзаның қалпына келуі үшін маңызды.
Балалар қанша сағат ұйықтауы керек?
Мамандардың ұсынымдарына сәйкес, баланың ұйқыға деген қажеттілігі жасына байланысты өзгереді:
* 1 жасқа дейін – 12-16 сағат;
* 1-2 жас – 11-14 сағат;
* 3-5 жас – 10-13 сағат;
* 6-12 жас – 9-12 сағат;
* 13-18 жас – 8-10 сағат.
Мектеп оқушылары үшін ұйқының ұзақтығымен қатар тұрақты режим де маңызды. Бала күн сайын шамамен бір уақытта жатып, бір уақытта тұрғаны дұрыс.
Бірінші сынып оқушыларына ерекше көңіл бөлген жөн
Бірінші сыныпқа бару баланың күн тәртібіне айтарлықтай өзгеріс енгізеді. Ерте тұру, сабақтар және жаңа ортаға бейімделу қосымша күшті талап етеді.
Сондықтан балаға қажет болған жағдайда күндіз демалуға мүмкіндік берген жөн. Мамандар бірінші сынып оқушыларына екі сағатқа дейін күндізгі ұйқы ұйымдастыруға болатынын айтады.
Мектеп режиміне қалай дайындалу керек?
Егер бала демалыс кезінде кеш ұйықтауға әдеттенсе, режимді бірден емес, біртіндеп өзгерткен дұрыс.
Ата-аналарға:
* баланы күн сайын бір уақытта ұйықтатып, бір уақытта ояту;
* ұйқы алдында смартфон, планшет және компьютерді пайдалануды шектеу;
* кешкі уақытта белсенді ойындардан бас тарту;
* ұйқы алдында серуендеу, кітап оқу немесе тыныш әңгімелесу;
* бөлмені желдетіп, ұйықтауға қолайлы жағдай жасау ұсынылады.
Мамандар үй тапсырмасы, қосымша сабақтар немесе ойын-сауық үшін баланың ұйқы уақытын үнемі қысқартпауға кеңес береді. Ұйқысы қанбаған балаға сабаққа зейін қою, жаңа ақпаратты қабылдау және оқу жүктемесін еңсеру қиындауы мүмкін. Сондықтан мамандар оқу жылы басталғанға дейін баланың күн тәртібін біртіндеп қалыпқа келтіруге кеңес береді. Бұл оның мектептегі жаңа режимге жеңіл бейімделуіне мүмкіндік береді.
Тағы оқыңыз: «Қызылжар» ФК елордалық «Астанамен» тең тарқасты

