Қазақстан мектептерінде жасанды интеллектіні оқытуға көбірек көңіл бөлінбек. Осыған байланысты бастауыш сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» және жоғары сыныптардағы «Информатика» пәндерінің атауы мен мазмұны өзгереді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Енді 1-4-сынып оқушылары «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» пәнін оқиды. Ал 5-11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп аталады.
Бұл тек пән атауының өзгеруі емес. Оқу бағдарламасына жасанды интеллектке қатысты жаңа тақырыптар қосылады. Барлығы 43 жаңа оқу мақсаты енгізілген.
Бастауыш сынып оқушылары жасанды интеллектінің не екенін қарапайым мысалдар арқылы түсінеді. Сонымен бірге балаларға интернеттегі қауіпсіздік, жеке мәліметтерді қорғау және цифрлық ортада өзін дұрыс ұстау үйретіледі. Бұл бағытқа 17 оқу мақсаты енгізілген.
5-9-сыныптарда бағдарлама күрделене түседі. Оқушылар жасанды интеллект құралдарын сабақ кезінде дұрыс пайдалануды, оған сауатты сұраныс беруді және алынған жауаптың қаншалықты дұрыс екенін тексеруді үйренеді. Сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық мәселелеріне назар аударылады. Бұл сыныптарға 14 оқу мақсаты қарастырылған.
Ал 10-11-сынып оқушылары жасанды интеллектінің қалай жұмыс істейтінін тереңірек меңгереді. Бағдарламаға машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізіледі. Жоғары сыныптарға арналған 12 оқу мақсаты бар.
Негізгі мақсат — балаларды жасанды интеллектіні жай ғана қолдануға емес, оны қауіпсіз, тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалануға үйрету.
Тағыт оқыңыз: СҚО ауылдарын сумен қамтуға Үкіметтен 2,7 млрд теңге бөлінді

