Петропавлда аулада жүрген қорғансыз итті бірнеше жерінен пышақтап өлтірген 47 жастағы Александр Павловқа қатысты сот өтті. Алайда ол сот үкімі шықпай тұрып рақымшылыққа ілікті. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлайды.

Оқиға 15 маусым күні Кәрім Сүтішев көшесіндегі көпқабатты үйдің ауласында болған. Барсик атты ит аула тұрғындары болып асырап, оған үйшік те жасап берген. Көршілердің айтуынша, ит ешкімге зиянын тигізбеген.

Оқиға орын алған күні мас болған Александр Павлов еш себепсіз итке шабуыл жасаған. Ол асүй пышағымен Барсиктің мойнына, кеуде тұсына және жауырынына бірнеше рет пышақ сұққан. Ит алған жарақатынан оқиға орнында өлген.

Күдіктіні полиция қызметкерлері көп ұзамай ұстады. Тергеу барысында және сотта ол кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Оған жануарға қатыгездік жасап, оның өліміне әкеп соқтырды деген айып тағылды. Бұл бап бойынша 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Алайда сот кезінде Александр Павлов өзіне рақымшылық жасау туралы өтініш білдірді. Прокурор да, қорғаушы да бұған қарсы болған жоқ.

Сот «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2026 жылғы 1 шілдедегі заңға сәйкес қылмыстық істі тоқтатып, Павловты қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұл Солтүстік Қазақстан облысындағы жануарларға қатыгездік көрсетудің алғашқы жағдайы емес. Екі жыл бұрын Пегас атты итке петарда жарып, ауыр жарақат салған оқиға елді дүр сілкіндірген еді. Сол кезде баланың анасы баласын дұрыс тәрбиелемегені үшін жауапкершілікке тартылып, шамамен 37 мың теңге айыппұл төлеген.

Тағы оқыңыз: СҚО-да ыстық басылып, жаңбыр мен салқын ауа райы күтіледі

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *