23 тамызда Қазақстанда жаңа Конституцияға сәйкес алғаш рет бір палаталы заң шығарушы орган – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл саяси науқан мемлекеттік басқарудың жаңартылған моделін іс жүзінде жүзеге асырудағы маңызды кезеңдердің бірі саналады, деп жазады Qazaqstan Media.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікованың айтуынша, жаңа Конституция аясында құрылған бір палаталы Құрылтай заң шығару қызметін оңтайландырып, шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.

«Құрылтай сайлауы – жаңа Конституцияны жүзеге асырудың алғашқы практикалық кезеңі. Өйткені Конституцияда белгіленген қағидалар мен реформалардың өміршеңдігі дәл осы сайлау барысында көрінеді. Азаматтар өз өкілдерін таңдап, мемлекеттік биліктің қалыптасуына тікелей қатысады. Егер сайлау әділ, ашық және бәсекелі жағдайда өтсе, халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімі артып, саяси тұрақтылық нығая түседі», – дейді Сәуле Мәлікова.

Оның пікірінше, жаңа саяси модельдің басты қағидаттары – тиімділік, ашықтық және қоғам алдындағы есептілік. Бір палаталы Құрылтай заңдарды қабылдау кезіндегі жауапкершілікті бір органға шоғырландырып, заң шығару процесінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ сарапшы заң жобаларын талқылауға азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылардың кеңінен қатысуы халықтың пікірін мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде ескеруге жол ашатынын атап өтті.

«Депутаттар сайлаушылармен тұрақты байланыс орнатып, өңірлердегі өзекті мәселелерді Құрылтай мінберінде көтеруге міндетті. Бұл мемлекеттік басқарудың халыққа жақындай түсуіне ықпал етеді», – деді Сәуле Мәлікова.

Еске салсақ, Қазақстан Президентінің Жарлығына сәйкес Құрылтай депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген. Жаңа Конституцияға сәйкес Құрылтай еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы болып табылады.

Тағы оқыңыз: «Таза Қазақстан» бір реттік акциядан жүйелі экологиялық саясатқа айналды – Бектенов

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *