Қазақстанда Мемлекеттік Туды, Мемлекеттік Елтаңбаны және Мемлекеттік Гимнді пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізіледі. Тиісті түзетулер Үкіметтің қаулы жобасында ұсынылған. Енді туды балконда, тұрғын үйлерде ілге болады, деп жазады Qazaqstan Media.
Құжатқа сәйкес, азаматтар мен ұйымдарға Мемлекеттік Туды тұрғын үйлерге, тұрғын емес ғимараттарға, сондай-ақ балкондарға 45 градус бұрышпен орналастыруға рұқсат беріледі. Ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшелігі мүмкіндік бермесе, туды аумақтағы арнайы тұғырға (флагштокқа) орнатуға болады.
Сонымен қатар Мемлекеттік Туды пайдалану талаптары нақтыланады. Ол ұлттық стандартқа сәйкес болуы, жерге, еденге немесе суға тимеуі, жыртылмаған, кірленбеген және өңі оңбаған болуы тиіс. Мемлекеттік рәмізді қорлау немесе оның қадір-қасиетін төмендететін әрекеттерге жол берілмейді.
Құжатта Мемлекеттік Туды жарнамалық мақсатта пайдалануға, сондай-ақ оны киім-кешек, төсек-орын жабдығы, перде, дастарқан, кілемше және басқа да жабын ретінде қолдануға тыйым салынатыны көрсетілген. Ал спортшылардың спорттық киімінде Мемлекеттік Тудың бейнесін пайдалануға рұқсат беру ұсынылған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік рәміздерді ресми интернет-ресурстарда, ақпараттық стендтер мен плакаттарда орналастыру тәртібі нақтыланады. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн белгіленген кезектілікпен әрі бір деңгейде орналастырылуы тиіс.
Қаулыда көрсетілгендей, жаңа талаптар құжат алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.
Тағы оқыңыз: Президент Жолдауынан кейінгі реформалар: Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгерді

