Қазақстанда 1 шілдеден бастап тұтынушылық несиелер бойынша берешекті реттеуге арналған «Finkelisim.kz» бірыңғай цифрлық платформасы жұмысын бастады. Жаңа сервис бірнеше банк, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлық агенттік алдында берешегі бар азаматтарға барлық кредиторлармен бір уақытта келіссөз жүргізуге мүмкіндік береді, деп жазады Qazaqstan Media.
Платформа Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Бірінші кредиттік бюроның бірлескен жобасы. Жаңа жүйенің басты артықшылығы – барлық қарыздар бойынша бірыңғай төлем кестесінің жасалуы. Бұрын әрбір кредитор өз талабын қойғандықтан, қарыз алушы бірнеше түрлі төлем күнін, сомасын және шарттарын орындауға мәжбүр болатын. Енді барлық міндеттеме бір кестеге біріктіріліп, қарыз алушы тек бір төлем жасайды. Ал платформаның өзі қаражатты кредиторлар арасында автоматты түрде бөледі.
Жаңа сервиске екі және одан да көп кредиторы бар, несиесі кемінде 90 күн кешіктірілген және жалпы берешегі 648 мыңнан 6,9 млн теңгеге дейін болатын азаматтар жүгіне алады. Алайда ипотека, автонесие, кәсіпкерлік мақсаттағы қарыздар, алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттер және банкроттық рәсімі басталған берешектер бұл жүйеге кірмейді.
Finkelisim.kz платформасы қарыз алушы туралы барлық мәліметті автоматты түрде жинап, кредиторлармен келісілген жағдайда бес жылға дейін, ал әлеуметтік осал топтар үшін жеті жылға дейінгі мерзімге бірыңғай өтеу кестесін ұсына алады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да тау-кен байыту комбинаты салынады

