Петропавлдағы жоғары медицина колледжінде түлектерге диплом салтанатты түрде табысталды. 30 маусым мен 1 шілде күндері өткен рәсімде оқуын сәтті аяқтаған жас мамандарға дипломдар тапсырылып, ақ жол тілегі айтылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Салтанатты шараға денсаулық сақтау саласының басшылары, медициналық ұйымдардың жетекшілері, колледж оқытушылары мен ата-аналар қатысты. Қонақтар түлектерді құттықтап, таңдаған мамандықтарының жауапкершілігі зор екенін атап өтті. Олар жас мамандарға кәсіби білімдерін жетілдіріп, халық денсаулығын қорғау жолында абыройлы қызмет етулеріне тілектестік білдірді.
Мерекелік жиында оқу озаттары мен колледждің қоғамдық өміріне белсенді қатысқан студенттер Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ білім алушылардың жан-жақты дамуына қолдау көрсеткен ата-аналарға да алғыс білдірілді.

Биыл колледжді тәмамдаған түлектер өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарында еңбек жолын бастауға дайын. Олар алған білімдері мен тәжірибесін медицина саласының дамуына бағыттайды.

Айта кетейік, Жұмағали Тлеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжі бүгінде жеті мамандық бойынша орта буын медицина қызметкерлерін даярлайды. Қазіргі уақытта оқу орнында 2026–2027 оқу жылына талапкерлерді қабылдау басталды.
Тағы оқыңыз: Петропавл жастары жаңа Конституцияның күшіне енуін флешмобпен атап өтті

