Зергерлік бұйымдарды ұрлау мүмкін болғанымен, жазадан құтылу мүмкін болмады. Петропавлдағы «Галактика» сауда үйінде түнде жасалған ұрлық өртке ұласып, зергерлік шеберхана түгел жанып кетті. Осы іс бойынша 33 жастағы Павел Стравинскас 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда ол өртті әдейі қойған жоқпын деп, мойындамады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

 

Өрт. Қылмыс. Куәгерлер.

 

Қылмыс болатын күні кешке Павел Стравинскас таныстарымен бірге ішімдік ішкен. Ащы су таусылғаннан кейін достары оған №21 мектепке дейін такси шақырып береді. Үйіне жаяу қайтып бара жатқанда, Астана көшесіндегі «Зергерлік бұйымдар» деген жазуды көріп, ұрлық жасауға бел буады. Сотта ол:

«Қаржылық қиындықтарға байланысты ұрлық жасауға шешім қабылдадым. Тасты алып, «Галактика» сауда үйінің кіреберіс әйнегін сындырдым. Ашылған жерден зергерлік шеберханаға кіріп, қараңғыда үстелдегі алтын сырғалар мен басқа да әшекейлерді қалтама сала бастадым», – деп түсіндірді.

Сол уақытта таңғы жаттығуға бара жатқан зейнеткер әйел шынының сынған дауысын естиді. Ол арық келген ер адамның дүкеннің әйнегін сындырып жатқанын көреді. Нәзікжандыны байқап қалған ер адам бірден кетіп қалады. Оның айтуынша, ол сәтте әлі өрт болмаған.

Ұрлықтан кейін Стравинскас «Океан» сауда үйіне қарай бет алғанымен, шеберханада бір затын ұмытып кеткен шығармын деп қайта оралады. Ұрланған әшекейлер салынған күртесін ғимараттың маңайына қалдырып, тағы да ішке кіреді.

«Қараңғыда электр сымдарының ұшқындағанын байқадым. Асығып жүргенде үстелдің астындағы белгісіз сұйықтық құйылған канистрді аяғыммен қағып кеттім. Сұйықтық төгіліп, бірден от тұтанды. Қорқып кетіп сыртқа жүгіріп шықтым», – деді айыпталушы.

Сол сәтте серуендеп жүрген тағы бір ер адам оқиға орнына келеді. Ол түтін мен жалынды көріп, Стравинскастың сынған терезеден ішке тас лақтырып жатқанын байқайды. Куәгердің айтуынша, Стравинскас, өрт сөндірушілерді шақыруды өтінген,іште қалған тауарды құтқармақ болғанын айтқан. Сонымен қатар, кейін өзіне такси шақырып беруін де сұраған.
Стравинскастың айтуынша, ол өрт сөндірушілер келгенше оқиға орнында болған. Алайда қатты абыржығандықтан, ұрланған әшекейлер салынған күртесін де алмай кетіп, үйіне барып ұйықтап қалған.

Сотталушының нұсқасы

 

Келесі күні оны полиция қызметкерлері ұстады. Өрт салдарынан зергерлік шеберхана түгел жанып кетті. Сонымен қатар, тұрмыстық химия бөліміне, жиһаз дүкеніне, сауда үйіне деайтарлықтай зиян келді. Зергер Коваленконың айтуынша, шеберханада бензин болғанымен, ол әрдайым қақпағы мықтап жабылған канистрде сақталған және тек дәнекерлеу жұмыстарына пайдаланылған.

Сарапшылар электр сымдарының ақауы туралы нұсқаны растаған жоқ. Тергеу қорытындысына сәйкес, өрт сырттан әкелінген от көзінен шыққан. Электр желісінен өрт шығуына себеп болатын ешқандай ақау анықталмаған.

Стравинскас соңына дейін тек ұрлық жасағанын ғана мойындап, өрттің кездейсоқ шыққанын айтты. Бірақ сот бұл уәжді қабылдамады. Сот үкімімен Павел Стравинскас 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Бұдан бөлек, одан 5 миллион теңгеден астам материалдық шығын өндірілетін болды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Тағы оқыңыз: СҚО-да «Жас маман – жаңа қадам» V облыстық жас педагогтер слеті аяқталды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *