Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында жұрттың жағасын ұстатқан оқиға болды. Бірлік ауылында 22 жастағы жігіт өз әкесіне бейәдеп сөздері айтып, қол көтеріп, оны ұрып-соққан. Ең сорақысы – болған жайттың бейнежазбасы әлеуметтік желілерге тарап кеткен, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Видеодан егде жастағы ер адамның қорғансыз күйде соққыға жығылғанын көруге болады. Мәлімет бойынша, жәбірленуші – 70 жасқа таяған ауыл тұрғыны.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, полиция қызметкерлері дереу тексеру жұмыстарын бастаған. Тергеу барысында тәртіп сақшылары бейнежазбадағы азаматтың жеке басын анықтап, оның жәбірленушінің ұлы екенін анықтады.
Алайда қарт әке сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартып, ұлына қатысты арыз жазбаған. Соған қарамастан полицейлер құқықтық баға беріп, материалдарды сотқа жолдаған.
«Шал ақын ауданының полиция қызметкерлері тергеу жүргізіп, 22 жастағы жігітті анықтады. Сот шешімімен оған 5 тәулік әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды», – деп хабарлады СҚО ПД ақпарат саясат бөлімінің басшысы Сән Жұмағазина.
Құқық қорғау органдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі назардан тыс қалмайтынын және мұндай фактілер бойынша заң аясында шаралар қабылданатынын атап өтті.

