Әскери өмір, қатаң тәртіп пен қайсар мінез. Төрт жылдық еңбектің жемісі. Ұлттық ұлан академиясының 200-ге тарта түлегі оқу ордасынан түлеп ұшты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Осыдан төрт жыл бұрын өрімдей 200-ге тарта жігіт елге адал қызмет етуге серт берді. Бүгін сол азаматтар қолдарына лейтенант шені мен дипломдарын алды.
Жалынды жастардың бойын қуаныш сезімі кернегені айтпаса да белгілі. Бірақ, қимастық сезімі де жоқ емес. 4 жыл бір казармада тұрып, тәртіпке бірдей бағынған жігіттер енді еліміздің түкпір-түкпіріне тарайды.
«Қазіргі таңда академияда 700-ге жуық курсант білім алуда. Оларға тек білікті мамандар тәлім беруде. Айта кетейін, жуырда үш курсант Президент қолынан аға лейтенант шенін алды. Олар төрт жыл бойы өздерін жақсы қырынан көрсеткен үздік курсанттар», — деді ҚР ҰҰ академиясының баспасөз хатшысы Маржан Талапкер.
Арқадан жүк түспеді. Керісінше артты. Енді жігіттер еліміздің түкпір-түкпірінде әскери күш-құрылымдарда қызмет атқарады. Ел үміт артқан жастар сенімді ақтайды деген сенімдеміз.
Айта кету керек, Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясы 1997 жылы ашылды. Осы уақыт ішінде әскери білім ордасында алты мыңға жуық жас тәмамдады.
Тағы оқыңыз: ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі облыс тұрғындарымен кездесті

