Тайынша ауданында мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасуда. Жергілікті тұрғындар электрондық сервистерді уақыт өткен сайын белсенді пайдаланып келеді. Ал цифрлық форматта алынатын қызметтердің үлесі жыл сайын артып отыр. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар заңнама талаптарының сақталуын бақылауды күшейтіп, халық арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда 7 322 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 93%-ы электрондық форматта алынған. Электрондық үкімет порталы арқылы 6 566 қызмет, қызмет көрсетушілердің ақпараттық жүйелері арқылы 281 қызмет, ал Мемлекеттік корпорация арқылы 424 қызмет көрсетіліпті. Биыл аудан тұрғындарына 2185 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, электрондық қызметтердің үлесі 96%-ға жетті. Тайынша ауданы әкімі аппаратының басшысы Марат Ережеповтің айтуынша:

«Аудан қызметінің маңызды бағыттарының бірі – халыққа мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі қолжетімді түрде ұсыну. Бүгінде мемлекеттік саясат процестерді барынша цифрландыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған», — деді спикер.

Ауданда мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылауға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, өткен жылы аудан әкімі аппаратының ішкі бақылау қызметі 10 бақылау іс-шарасын өткізіп, нәтижесінде 13 заң бұзушылықты анықтады. Тексеру қорытындысы бойынша 21 ұсыным беріліп, олардың барлығы уақытылы орындалған.

«Биыл жергілікті атқарушы органдарда бес бақылау іс-шарасы өткізілді. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнама талаптарының бұзылуының жеті фактісі анықталды. 12 ұсыным беріліп, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзғаны үшін бір маманға тәртіптік жаза ретінде “сөгіс” жарияланды», – деді спикер.

Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, мемлекеттік қызмет көрсететін нысандарға қоғамдық бақылау жүргізіледі. Өткен жылы және биылғы жылдың алғашқы бес айында осындай алты тексеру өткізіліп, ешқандай заң бұзушылық анықталмаған. Мемлекеттік корпорацияда азаматтарды қабылдау тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Қабылдау барысында тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді алу мәселелері бойынша кеңестер мен түсіндірмелер берілген.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Өткен жылы мемлекеттік қызметтерді насихаттауға бағытталған 247 іс-шара өткізілсе, биылғы бес айда тағы 98 іс-шара ұйымдастырылған.

Жергілікті атқарушы органдардағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы өткен жылы тұрғындар шамамен 10 мың мемлекеттік қызмет алған. Ал биылғы жылдың басынан бері бұл көрсеткіш шамамен 2,5 мың қызметті құрады. Бұдан бөлек, 12 түрлі ақпараттық буклет әзірленіп, қызмет алушылар арасында шамамен 10 мың дана таратылған.

Тағы оқыңыз: СҚО-да «Балақайлар мектебі» өз жұмысын бастады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *