«Серебряный бор» балалар білім беру-сауықтыру орталығының алғашқы маусымы бастау алды. Лагерь барлығы 65 баланы қабылдады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Биылғы бірінші ауысым «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылып отырған «Эко-болашақ» экологиялық бағытына арналды. Он күн бойы балалар бір-бірімен танысып, экологиялық квестерге, табиғатты қорғау акцияларына, танымдық викториналарға, экскурсияларға, байқауларға және экологиялық бағыттағы маршруттарға қатысады.
Орталық аумағында балалардың дене тәрбиесін дамытуға арналған ойын және спорт алаңдары жұмыс істейді.
Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған, қазақы нақышта безендірілген киіз үйлерде тәрбиеленушілер мазмұнды әрі қызықты уақыт өткізеді. Жазғы кезеңде орталық жалпы саны 480 баланы қабылдауды жоспарлап отыр. Оның 170-і — әлеуметтік осал санатқа жататын отбасылардың балалары.
Балалар демалатын жер – орман шаруашылығы, яғни жасыл желектің ортасында орналасқан. Ауасы таза, табиғаты әсем, жанға жайлы аумақта демалып, келесі оқу жылына күш жинаудың өзі бір ғанибет. Лагерьде балалар 5 мезгіл тамақтанады. Тамақ ас мәзіріне сай дайындалады. Демалушылардың денсаулықтарына да көңіл бөлінеді. Бұл жерде медбике кезекшілік атқарады.
Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданында Мемлекеттік рәміздер күні атап өтілді

